Жалған ақпараттарды қалай тексереміз – Медиасарапшы фейктерді анықтаудың әдістерін айтып берді

Уақыты: 27.10.2023
Оқылды: 763
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ақпарат ағынының толастауымен рас-өтірігі аралас жаңалықтар қарасы да көбейді. Соның ішінде фейк ақпарат қоғамның дертіне айналды. Себебі қарапайым халық оның шынайылығына көз жеткізбей, сеніп, салдарынан қиын жағдайда тап болуы мүмкін. Осындайда мамандардың сөзінше, әр адамның көрген ақпаратты талдап, оны өз бетінше тексере алуы маңызды бола түседі.

KazMediaNetwork медиасарапшысы Бақтыгүл Бурбаева фейк ақпараттардың қалай пайда болатынын және оның шынайылығын қалай анықтау керегін Stan.kz тілшісіне айтып берді.

Фейк жаңалық (fake – жалған) дегеніміз – шындыққа жанаспайтын, бұрмаланған, қоғамды ақпараттар. Медиасарапшы Бурбаеваның айтуынша, фейк ақпарат – ақпараттық әлемнің вирусы. Ол пайда болған көптеген фейктің белгілі бір мақсаты болатынын және көп жағдайда адамзатқа манипуляция жасау үшін туындайтынын айтты.

“Фейк ақпараттардың қауіпті тұсы – бір қарағанда өте сенімді, адам жетегінде кетуі мүмкін. Өйткені оның ішінде аздап шындық бар, шындыққа фантастика мен өтірік араласқан. Фейктер эмоцияны тудыратындай етіп жазылады. Көбіне қарапайым әрекет арқылы мәселелерді тез шешуге шақырады”, – дейді ол.

Сондай-ақ фейк ақпарат оқиғаның немесе бір жағдайдың детальдарын білмеуден, яғни білместіктен пайда болады. Бурбаеваның айтуынша, кейде фейкті таратқан адамның өзі жалған ақпарат бергенін білмеуі де мүмкін.

Фейктердің таралуының тағы шығу тегі – әзілдер. Адам қитұрқы пиғылсыз, кейде жай күлкі үшін жалған ақпараттарды шығарады. Сарапшының пікірінше, көбіне белгілі бір жазушы, ақындар немесе танымал тұлғалардың фотосына кез келген цитатаны қойып, соның сөзі деп шығару жиі кездеседі.

“Фейктерді біріктіретін басты нәрсе – алдау, фактілерді бұрмалау және көзқарасты өзгертуге тырысу”, – деді маман.

Дез-, миз- және малинформация

Маман жалған ақпараттар таралу себептеріне орай бірнеше түрге бөлінетінін айтып, түсіндірді. Бұл –дезинформация, мизинформация және малинформация.

  • Дезинформация – қоғамды адастыру мақсатымен шығарылатын өтірік ақпарат. Мұнда манипуляциялық сипат басым болады.
  • Мизинформация – білместікпен таратылып, қоғамды шатастырған ақпарат. Мысалы, қазіргі таңда оқырмандар оның өтірік екенін білмей, бір-біріне Whatsapp арқылы хабарламаларды таратып жатады. 
  • Малинформация – ақпараттың ішінде өтірік жоқ, бірақ оны қоғамға зиян әкелу мақсатында шығару. Ондай ақпараттар өшпенділікті оятатын эмоциямен, асыра сипаттаумен жазылады.

Фейк ақпаратты қалай анықтаймыз?

Медиамаман Бақтыгүл Бурбаева әр ақпаратқа күмәнмен қарауға кеңес берді. Оның айтуынша, жалған ақпараттан қорғанудың жолдары бар.

“Егер коронавирустық пандемиядан бетперде қорғаса, инфодемиядан сыни ойлау қабілеті қорғайды. Кез келген ақпараттың экспрессивтілігіне ерік беріп, оған түрлі эмоция білдірмес бұрын ақпаратқа күмән келтіріп, оның дұрыстығын тексеру керек”, – деді ол.

Әр ақпаратты оқыған кезде мына сұрақтарды басшылыққа алу керек:

  • Бұл ақпарат кімге тиімді және оны кім жазды? Мұндай факт болды ма? Сарапшы кім және оған сенуге бола ма?

Ақпарат көзін дереу тексеріңіз. Егер бұл әлеуметтік желілерде тараған болса, әртүрлі ресми дереккөздерден, ресми сайттардан немесе журналистер жұмыс істейтін ақпарат агенттіктерімен салыстырыңыз.

“Ақпарат белгілі бір адамдардың немесе елдің мүддесі үшін жазылған ба, соны анықтау керек. Өйткені арнайы бір өкілдердің мүддесін насихаттайтын арналар бар. Ол үшін сайттың "Біз туралы" немесе "Жоба туралы", "редакция туралы" бөліміне кіріп, авторды, сайттың құрылтайшыларын білуге болады. Сайт басшылары туралы білу үшін WHOIS ресурсын қолдануға болады”, – деді Бурбаева.

  • Оқиғаның болған уақыты 

Ақпараттың қашан болғаны және оның өзектілігі өте маңызды. Кейде он жыл бұрын болған видеоны бүгін болып жатқандай көрсетеді.

Мұндай ақпарат “зомбифейк” деп аталады. Яғни бұрын болған оқиға "қайта тіріліп", ақпарат өрісінде пайда болады.
  • Оқиға өткен жер

Кейде мүлдем басқа елде болған видеоны Қазақстан қалаларында болды деп көрсетеді. Ол үшін географиялық, архитектуралық ерекшеліктерге мән беру керек.

“Видеода байқалған дүкен, кафе мейрамхана немесе көшелердің белгілеріне назар аударыңыз. Сондай-ақ Азия мен Еуропаның жер экваторына жақын немесе полюстерге жақын қалаларын бірден ажыратуға болады. Флора мен фаунада ерекшеліктер болады. Ағаштар, гүлдер, ғимараттардың түстері, автомобиль маркалары мен нөмірлерін көру маңызды. Содан бұл басқа аймақ екенін білуге болады”, – деді маман.

Оның айтуынша, фотосуретті Google Images іздеу жүйесі арқылы тексеруге болады. Ең бірінші жарияланған фото арқылы оның қашан, қай жерде шыққанын көруге болады. Fotoforensics.com немесе TinEye қосымшалары арқылы фотоны талдап, оның өңделген/өңделмегенін көре аламыз.

“Видеоны скриншот жасау арқылы, стоп-кадрлар арқылы тексеруге болады. Сонымен қатар YouTube Data Viewer немесе Invid ресурстарымен тексерген жөн. Видеода дыбыстар, адамдардың дауыстары байқалса, олардың қай тілде сөйлескендеріне мән беру керек”, – деді KazMediaNetwork өкілі.

Бақтыгүл Бурбаева ел арасында таралып кеткен қауесеттерді әшкерелеп, оны дәлелдей алған.

“Бірнеше жыл бұрын қоғам арасында Алматыға бір топ қарулы топ келе жатыр деген ақпарат тарады. Соның салдарынан дүрбелең орын алып, халық сары уайымға салынды. Мен осы ақпараттың шынайылығын анықтау мақсатында Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласып, оқиғаға пікір білдіруді сұрадым. Олар бұл ақпаратты жоққа шығарып, ешқандай қарулы топтың келмейтінін айтып, көпшілікке таратты”, – деді фактчекер.

Жалған ақпарат таратқандарға қандай жаза қарастырылған?

Еліміздегі жалған ақпарат таратқаны үшін қарапайым азаматтарға 20-40 АЕК (69 000 -138 000 теңге) аралығында айыппұл салынады.

Ал қыркүйектен бері қолданысқа енген "Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы" жаңа заңына сәйкес Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 456-2-бабы "Жалған ақпаратты орналастыру, тарату" қолданысқа енгізілді. Медиасарапшы осы баптың 3-тармағына мән беруді сұрады.

Қоғамдық тәртіпті, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін бұзатын ақпарат үшін:

  • Жеке тұлғаларға – 20 АЕК (69 000 теңге),
  • Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК (103 500 теңге),
  • Орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 АЕК (172 500 теңге),
  • Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК (345 000) мөлшерінде айыппұл салынады.

“Егер жалған ақпарат қылмыстық сипатқа ие болып, адамның өміріне қауіп келтірсе, қоғамның, мемлекеттік ұйымдардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына, қоғамдық тәртіпті бұзылуына әкелсе, бұл қауіпті әрекет деп саналады. Осы үшін 1000 АЕК (3 миллион теңгеден астам) дейінгі мөлшерде айыппұл немесе 100 сағаттық түзету жұмыстары, 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, 1 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады”, – деді медиасарапшы.

Сурет: көрнекілікке алынды