«ЖЕТІСУ ЖҮЙРІГІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАРЫСЫ ӨТТІ

Уақыты: 28.10.2023
Оқылды: 826
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласының орталық атшабарында Республика күніне орай ұлттық ат спорты түрлерінен «Жетісу жүйрігі» республикалық жарысы өз мәресіне жетті. Өзіміздің өңірден бөлек басқа да облыстардан шабандоздар қатысқан бәйгеде жүлдегерлерге ақшалай сыйлық берілді.

Жиналғандардың қуанышын еселеген аламан бәйге талайға дейін көптің аузында айтылып жүрері анық. Сан сәйгүліктің сынға түскені кімге де болсын қызық. Аламан бәйге 47 шақырымға созылды. Онда Асылжан Төлегеннің тұлпары топ жарып, 5 миллион теңгені алды. Екінші болып келген Мырзахмет Шыныбек 3 миллион, ал үшінші Алдияр Ердосұлы 1 миллион теңге алды. Одан бөлек Бекзат Ділдахан (IV орын – 500 000 теңге), Арнат Мұратхан (V орын – 300 000 теңге), Нұржан Нағашыбай (VI орын – 200 000 теңге), Абзал Тұрғанбек (VII орын – 100 000 теңге) жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ал 21 шақырымдық топ бәйгеде Нұрмұқаш Ділнұрдың (2 500 000 теңге) аты жеңімпаз болды. Төрехан Сұлтан (ІІ орын – 1 000 000 теңге), Ернұр Бақтыбай (ІІІ орын – 300 000 теңге), Нұрәлі Айтқабыл (IV орын – 200 000 теңге) сынды азаматтардың аттары иесін жүлдесіз қалдырмады.

Құнан бәйге де (11 шақырым) қызық өтті. Мұқағали Сембек (І орын – 1 200 000 теңге),  Абзал Тұрғанбек (ІІ орын – 800 000 теңге), Ернұр Бақтыбай (ІІІ орын – 300 000 теңге), Арнат Мұратхан (IV орын –  200 000 теңге), Әбдукәрім Болат (V орын – 100 000 теңге) сынды атбегілердің мерейі үстем болды. Ал 9 шақырымды құраған жорға бәйгеде  Александра Карпова (І орын – 500 000 теңге), Марина Завьялова ( ІІ орын – 300 000 теңге), Бейбарыс Қожахан (ІІІ орын – 100 000 теңге) үздік шықты. Жеңімпаз бен жүлдегерлерді облыстық дене-шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл құттықтап, сый-сияпатты өзі табыстады. Басқарма басшысының сөзіне сенсек ат спортына көңіл молынан бөлініп келеді, алдағы уақытта ауқымын да кеңейту көзделген.

Серік ҚАНТАЙ