Ерекше сәулеткерлік үлгідегі Мәдениет үйі жөнделуде

Уақыты: 31.10.2023
Оқылды: 435
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жазиралы Жаркент өңіріндегі Головацкий ауылындағы ерекше сәулеткерлік үлгіде салынып, пайдалануға берілгеніне 32 жыл болған Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілуде.Үстіміздегі жылдың мамыр айының алғашқы аптасында басталған құрылыс жұмыстары жыл соңында тиянақталмақшы.

– Міндетімізге алған күрделі жөндеу жұмыстарын белгіленген уақытта сапалы аяқтайтынымызға сенімдіміз, – дейді құрылыс телімінің басшысы Азамат Мерханов. – Қазір мұнда 50 құрылысшы еңбек етуде. Олардың арасында бригадир Айбын Толумбеков бастаған Жеңіс Абылай, Рашид Нансимов, Ержан Батырхан сияқты құрылыс жұмыстарына төселген, білгір шеберлері бар. Жалпы жұмысшылардың бәрі жергілікті адамдар.

Кезінде атақты екі мәрте Еңбек Ері Николай Головацкий қытай құрылысшыларына салғызған бұл Мәдениет үйінің облыс аумағында теңдесі жоқ. Оны күрделі жөндеуден өткізуге облыстан 660,5 миллион теңге бөлініп, осы қаржыны игеруді «ГрадСтройСервис» ЖШС-і ұтып алыпты. Ауыл тұрғындары ерекше үлгідегі ғимаратты құрылысшылар жауапкершілікпен сапалы атқарып, ел игілігіне береді деген сенімде.

"Жетісу-Ақпарат"
Суретті түсірген Руслан ҚАДЫРОВ