Өзекті мәселелер шешімін тапты

Уақыты: 04.11.2023
Оқылды: 574
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қала тұрғындарының шешімін таппай келе жатқан екі мәселесі бар. Оның біріншісі, қашан таза ауызсуға жаримыз деген сұрақ болса, екіншісі, көгілдір отынның қызығын қашан көреміз деген мәселе. Бұл сұрақтардың жауабын біз де іздеп көрдік.

Текеліліктердің базынасына бас ауыртып жүрген жауаптылардың тұжырымын тыңдап, істеп жатқан жұмыстарын көрдік. Айтуларынша, қараша айының аяғынан бастап Текелі халқы таза ауызсумен қамтылады екен. Оған дәлел өздері жасап жатқан су қоймасы. Олар бұл су қоймасын 3 су ұңғымасы арқылы толтырмақ. Желі 2 метр тереңдікте орналасқан. Құрылысшылар мұны қысқы аязда қатпас үшін арнайы тереңге орнатқандарын айтады. Мұндағы екі қоймада 3 мың текшеметрден 6 мың текшеметр су сақталады. Қаладан 9 шақырым жердегі қойманың жұмысы 90 пайызға аяқталыпты. Енді бұл жерде абаттандыру шаралары жүргізілмек. Су желісін тартушы «ҚазЕвроСтрой» серіктестігі.

Сапар аясында газ тарту мәселесі бойынша «Алия Сервис» ЖШС учаске шебері Ринат Мұхаммеджановпен сұхбаттастық. Істеліп жатқан жұмыстарын көзбен көріп, айтқан сөзіне құлақ түрдік. «2024 жылдың қазан айында бүкіл Текелі қаласының тұрғындары газға қосыла алады», –дейді учаске шебері. 

Аталған серіктестік бүгінде қала ішінде 94 шақырымға газ құбырларын тартып үлгерген, енді 100 шақырымын межелі күнде аяқтамақ. Газ желілерін тарту жұмысына 15 бригада мен 27 техника, 125 жұмысшы жұмылдырылыпты. Жұмысшылардың айтуларынша, кестеден кешігу болмаған. Бастысы, кемшіліксіз жұмыс істеп, ел игілігі үшін газ тарту желілерін жеделдетіп бітіріп беру.

"Жетісу-Ақпарат"
суреттерді түсірген Руслан Қадыров