ЖОЛЖАЗБА: ҰЛЫЛАР МЕКЕНІНЕ САЯХАТ

Уақыты: 05.11.2023
Оқылды: 413
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Таңғы сағат 5 шамасы Көксу аудандық әкімдігінің алды ығы-жығы қозғалысқа толып кетті. Қолшамның жарығымен әкімшілік алдында тұрған үлкен автобусқа сөмкесін көтеріп, кіріп-шығып жатқан адам қарасы көп. Бұл аудан әкімі Марлен Көлбаевтың бастамасымен Қарттар күнінде 30-дан астам еңбек ардагерін сонау Кеңгірбай, Ырғызбай, Өскенбай, Құнанбайлар басқан топырақ, Абай, Шәкәрім, Мұхтарларды дүниеге әкелген киелі жер «Ұлылар мекеніне» Абай облысына сапарға шығарып салу сәті еді.

Аудан басшысы Марлен Қапашұлы сәтті сапар тілеп, аудандық мешіттің бас имамы Еділбек Ерімбет ата-баба рухына арнап Құран сүрелерін оқыды. Соңынан ән  шырқалып, жолға аттандық.

Жол сапарында Сарқан, Алакөл, Жарма ауданы әкімдігінің қызметкерлері жылы қарсы алып, ақ жол тілеп, шығарып салды. Жол бойы көпті көрген ақсақалдардың қызықты әңгімелері, құрдастардың бір-біріне айтқан зілсіз әзілдері, әсіресе, Қуанышбек, Оңалбай ағалардың достық қалжыңдарының өзі үлкен үлгі-өнеге болды. Дос, құрдастың арасындағы шынайы сыйластықты осы кісілерден үйренсек деген ой түйдік. 

Келесі күні Абай ауданына жол тарттық. Саяхатымызға жолбастаушы  болған Шағжан деген азаматтың біліміне, сөз саптауына, байыпты мінезіне риза бола отырып, көп мағлұмат алдық. Семей қаласынан шыққаннан кейін біраз жер жүрген соң Балта-Тарақ (Балта-Орақ) деген жерді басып өттік. Бұл Ұлы Абайдың шәкірті Көкпай ақынның қызы Қалжанның тұрмысқа шыққан жері еді. Одан әрі жүргенде Семейден 52 шақырымда Абай еліне келген жолаушылар алғашқы биік асуға тап болады. Ол карта бойынша «Кіші Арқалық» деп аталады. Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» атты әңгімесінде Күшікбай батыр туралы айтылады. Күшікбай Уақ руының батыры.

Ұлы Мұхтардың туған жері Бөріліге де аяқ бастық. Мұхтардың балалық шағы, алғаш жар құшып, ұрпақ сүйген құтты орнын көру бақыты бізге де бұйырды. Музей босағасын аттап, жәдігерлермен танысып, бұрын естімеген тың мағлұматтарға тәнті болдық. Бөрілі деген атына сай ол жерде ит-құс көп мекен етеді екен. Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Көксерек» повесі осы жерге арнап жазылыпты. Музейде сатылуға қойған саяхатты бастаушы Шағжанның әкесі Бекен Исабаевтың «Ұлылар мекені» атты кітабын алып, көптеген тың дерекке қанық болдық.  Одан әрі «Қасқа бұлақ: Абайдың қасқабұлағы, Шәкәрімнің қасқабұлағы, Тәкежанның қасқабұлағы, Ысқақтың қасқабұлағы, Сырт қасқабұлақ» деп бес қасқабұлақ болып аталады. Оңтүстікке қарай күнге шағылысып ағып жатқандықтан «Қасқабұлақ» аталып кеткен.

Киелі мекенде Ералының жазығы деген жерге табан тіредік. Ералы Тобықтының киесі  мен иесі деп аталған Кеңгірбайдың баласы. Ералы әулие қасиетті адам болған. Өзінің қалауы бойынша осы жерге жерленіп, қазіргі таңда басына күмбез тұрғызылған. Ералы жазығында  орналасқан жалғыз төбе бар. Оны Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында «Кішкене төбе» деп айтады. Негізі карта бойынша атауы Шұбартөбе. Бұл қасиетті жерде қазақтың Еңлік пен Кебегі жерленген. Шыңғыс таудың жүрегі үлкен орда мен кіші ордадан өтіп, «Абай жолы» романындағы Абайдың Шүкіманмен (Әйгеріммен) танысқан жері Шіліктіге келдік. Бұл Қорда тауы Шыңғыс тауының жүрегі, Тобықтының батыры Мамай батырдың қонысы. Осыдан 30 шақырымнан кейін Абайдың жатқан жері Жидебайға келдік. Жидебай туралы қазақтың жазушысы, ақын, сыншы Асқар Сүлейменов: «Біз Алматыдан ақындар Жидебайға табыну үшін барамыз. Тазару үшін барамыз. Жидебай ақындардың Меккесі» деп айтқан. Міне, біз де Жидебайдың жеріне барып, табынып, тазарып қайттық. 

Жидебайда бізді Абай ауданы әкімінің орынбасары, мәслихат хатшысы, «АMANAT» партиясының төрағасы, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы және біздің делегация ішіндегі ағаларымыз Қуанышбек пен Оңалбайдың студент кезінен араласқан кәсіпкер досы Тасболат есімді азаматтар күтіп алды.  «Қаламқас» ән-би ансамблі Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнінен көрініс көрсете отырып, жылы құшақ жайды.

Киелі де қасиетті Жидебай жерінде ақын Абай өмірінің соңғы 10 жылын өткізеді. Оспан өлгеннен кейін әмеңгерлікпен Еркежан апамызды алады. Осы жерден бұлыңғыр болып көрінетін Бөртенің тауы, оның сыртында  Құнанбай 1851 жылы салған Ақан медресе. Одан бері Оспан көлі, Ырыздықпай қорасы, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романындағы Мұсақұл шайқасы болған жер – Мұсақұл төбе. Абай салдырған медресе, одан ары 4-5 шақырым батысқа қарай Самалтөбедегі Тобықтының киесі де, иесі де болған Кеңгірбай мавзолейі менмұндалап тұр. Құнанбай құдығы, Абай музейі, Шәкәрім саятқорасы, Абайдың әжесі Зере мен анасы Ұлжанның жай тапқан жері тұнып тұрған тарихтан сыр шертеді. 

Жидебайдағы 8 бөлмелі бір қабатты үйдің ішіне кіріп, жәдігерлермен танысып, Абай, Шәкәрім кесенесіне барып, құрбандық шалып, Құран оқып, дұға жасадық. 

Абай ауданының орталығы Қарауыл кентінде ауыл азаматтары жетісулық бір топ ардагер ақсақалға сый-құрмет көрсетті. Абай облысы мен Жетісу облысының арасында осындай сыйластықтың қамалы берік орнасын деген жылы тілектер ақтарылып, танысып, табысып, риза болдық.

Аудан әкімдігіндегі қызметкерлер өте шешен сөйлейді. Айтылған әр сөздеріне өлең, жыр қосып, қазақтың қара сөзін кестелеп, тыңдаушыға арнағанда біз де желпініп, арқаланып кеттік. Кейбір тойда әркімнен жаттап алған өлең-жырларды орынсыз айтып, елді мезі етіп, жалықтыратын асабалардай емес, айтқан әр пікірі жарасым тауып жатты. Біздің жақтан да аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы, қара сөздің шебері Сайлау Бәзілұлы  жүйесімен әдемі сөз сөйлеп, жер жаннаты Жетісу жерінен арнайы алып келген сыйлықтарымызды табыс етті. Сондай құрметті абайлықтар да жетісулықтарға көрсетті. 

Келесі күні Семей қаласы орталығындағы Абай музейіне барып, музейдегі жәдігерлермен таныстырушы Азамат Қажыбай деген жас жігіттің де білімі мен біліктілігіне риза болып, алғысымызды жеткіздік. 

Аудан ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетіп, киелі Түркістанға, ұлылар мекені саналған Абай облысына саяхат ұйымдастырған Көксу ауданының әкімі Марлен Көлбаевқа айтар алғысымыз шексіз. Тек осы ғана емес, әртүрлі шараға жаңаша рең беріп, халық үніне құлақ асып, қажырлы еңбек етіп, ел алғысына бөленген қазақтың азаматтары көп болғай. 

Сембек АБДРАХМАНОВ,
ардагер ұстаз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі