БЕРЕРІ МОЛ БАЙҚАУ

Уақыты: 01.11.2023
Оқылды: 93
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бейсен Құранбек атындағы журналистер үйінде халықаралық, республикалық зияткерлік шаралар және шығармашылық бастамаларды ұйымдастыру тақырыбында брифинг өтті.

Жиында республикалық олимпиадалардың өткізілу тәртібі, білім басқармасының бастамашыл жобалары, облыс оқушыларының ІІІ Халықаралық форумдағы жетістіктері жайлы сөз болды. Бұл жайлы басқарма басшысы Марат Сүлейменов мәлімдеді.    

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 12 қазандағы №307 «2023-2024 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданы ұйымдастыру және өткізу туралы» бұйрығын орындау үшін ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада өткізіледі. Бірінші кезеңі 2023 жылдың 20 қарашасынан басталады. 

Білім басқармасының бастамасы бойынша өңірімізде үшінші жыл қатарынан Бейсен Құранбек атындағы облыстық шығармашылық байқауы өткізілуде. Жалпы мақсат – осы байқауды республикалық дәрежеге шығару. Байқаудың мақсаты – мектеп оқушылары арасынан шығармашылық, интеллектуалдық қабілеті бар, сөз мәдениеті дамыған, журналист, тележүргізуші, публицист және жазушы болғысы келетін дарынды оқушыларды анықтау және оларға қолдау білдіру. Байқаудың қорытындысы дәстүрлі түрде 9 желтоқсан күні Бейсен Құранбектің туған күнінде ұйымдастырылып өтеді.

Келесі игі бастама, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы, жазушы Кемел Тоқаевқа 100 жыл толуына орай «Кемел Тоқаевтың қазақ әдебиетіндегі рөлі» атты облыстық шығармашылық байқауын ұйымдастыру. Мектеп оқушыларын кітап оқуға ынталандырып, қатысушылар арасынан сыни тұрғыдан ойлауы жақсы дамыған, ақын-жазушы, ізкесуші, детектив болғысы келетін дарынды, өнерлі оқушыларды анықтап, оларды қолдау.

Айғаным АЙТМҰХАН