ҮЗДІК КӘСІПКЕРЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 12.12.2023
Оқылды: 528
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Астанада «Алтын сапа» және «Парыз» байқауының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Ел дамуына елеулі үлес қосқан кәсіпкерлерді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ арнайы құттықтады. Бұған қоса «Үздік индустриялық, инновациялық жоба»,  «Qazaqstan Project Management Awards-2023», «Іскер», «Үздік тауар», «Ұлы дала елі», «Іскерлік кемелдік» және «ASMAR»  конкурстарының да  жүлдегерлері анықталды. Байқауда облыс кәсіпкерлері 4 марапатқа ие болды.

Шарада ел Президенті кәсіпкерлерге Үкімет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатқанын айтты.

– Қазір Қазақстанда бизнес саласы қарқынды дамып келеді. Бұған мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 36 пайыздан асты. Бұл, шын мәнінде, жоғары көрсеткіш. Осы салада жұмыс істейтін адамдардың саны 4,3 миллионға жетті. Яғни, еңбекке жарамды азаматтардың 45 пайызы деген сөз. Индустрияландыру жұмысы соңғы жылдары жоғары қарқынмен жүзеге асырылып келеді. Былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты 26 миллиард доллардан асты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Өткен жылы осы салаға 1,5 триллион теңге инвестиция тартылды, – дей келе республика бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, байқауға қатысқан кәсіпкерлерге ризашылығын білдіріп, лауреаттарға наградаларын тапсырды.

«Қазақстанның үздік тауары» байқауыында жыл сайын «Үздік өнеркәсіп тауарлары», «Халыққа арналған үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары беріледі. Әр номинация бойынша үш жеңімпаз марапатталады. Биыл «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқаулары мен көрмелеріне республика бойынша 1,3 мыңнан астам кәсіпорын қатысты. Оның ішінде 27 финалист онлайн дауыс беру арқылы анықталды. Ал «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінің дипломдары мен эмблемасымен 9 дипломант қана марапатталды. Бұл сында облысымыздағы «Алматы бояулары» ЖШС «Үздік өнеркәсіп өнімі» номинациясын жеңіп алды. Байқаулардың лауреаттары мен дипломанттары конкурс логотипін төрт жыл бойы жарнамалық мақсатта пайдалану құқығын алады.

Ал «Үздік кәсіпорын» номинациясына 221 компания өтініш білдірген. Нәтижесінде облысымыздағы «Жаркент-Арасан ХОК» ЖШС шипажайы «Алтын сапа» сыйлығын жеңіп алды. Сөйтіп,  Қазақстан тарихында ең жоғары марапатқа ие болған алғашқы шипажай атанды. Панфилов ауданында орналасқан шипажай 350 орынға арналған. Жыл бойы жұмыс істейтін «Жаркент-Арасан» шипажайы бальнеологиялық және балшықты курорт болып табылады. Сонымен қатар, «Бір ауыл бір өнім» бағдарламасы бойынша Әйгерім Наушабек пен Светлана Оңғарбаева менти «Asmar» сыйлығына ие болды.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Жетісу облысы бойынша төрағасы Дәурен Оңалбаев:

– Біз республикалық байқаудан 4 бірдей марапат алдық. Жетісу облысы болып бөлінгелі аталмыш шараға бірінші жыл қатысып отырмыз. Сондықтан 3 номинациядан жүлделі болғанымыз үлкен жетістік. Болашақта өзіміздегі жаңадан ашылған  мекемелерді дайындап, бұдан да үлкен белестерге жетуге тырысамыз, – деді. 

 

Айдар ҚАЛИЕВ