ЕРІКТІЛЕР ҮЛЕСІ

Уақыты: 14.12.2023
Оқылды: 432
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Облыста сыбайлас жемқорлықпен күреске еріктілер де атсалысып жатыр. Олар 20-ға жуық жемқорлық әрекетті құзырлы орган өкілдеріне жеткізген. 

Тексеріс нәтижесінде он шақты дерек анықталып, тиісті шаралар қолданылған. Бақылау шеңберінде 30 млн. теңгеден аса қаражат тиімсіз пайдаланылғаны анықталған. 

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басқарма офицері Мақпал Бекқұлованың айтуынша, белсенділерден көптеген хабарлама түскен. Олар мектептердегі алымдар, оқушыларды тамақтандыру, жолдар мен аула алаңдарын сапасыз жөндеуге қатысты. Сондықтан  бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғаспақ. Жалпы, волонтерлік жоба сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өзінің тиімділігін көрсетіп, әділетті және ашық қоғам құруға ықпал ететінін дәлелдеуде. 

Тамыз айынан басталған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобаға қатысуға 200-ге жуық өтініш түскен. Осылайша қоғам белсенділері тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға үлес қосуда.

Айгүл Байжұмақызы
Фото: gov.kz