«Үздік педагог-2023» жеңімпаздары марапатталды

Уақыты: 15.12.2023
Оқылды: 529
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ұлағаты жолда аянбай еңбек етіп, өскелең ұрпақтың санасына сапалы білім сіңдіріп, тәрбиенің таза шырынын ұсынып келе жатқан ұстаздардың абыройлы жұмыстары қашанда құрметке лайық. Бір күн білім берген жанға 40 жыл сәлем беруді парыз санайтынымыз да сондықтан. Жаһандану кезеңінде келешек ұрпақты заман сұранысына сай қалыптастырып, ұлтжанды азамат етіп тәрбиелейтін мұғалімдерге, оның ішінде өздеріңіздей мамандығының мақтанышына айналған ұстаздарға алғысымыз шексіз.

Осылай деген облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев «Үздік педагог – 2023» байқауында жеңіске жеткен ұлағат иелеріне ризашылығын білдіріп, өңір басшысының ыстық ықыласын жеткізді. Адамның тұлға болып қалыптасуы тектен, тәрбие мен білімнен екенін ойына орам еткен ол, мұғалім мәртебесіне тоқталды. Өз кезегінде байқауда үздік шыққан ұлағатты жандарды марапаттады.

Облыс әкімдігінің ғимаратында өткен марапаттау рәсімінде педагогтердін мәртебесін арттыру, олардын кәсіби біліктілігі мен кәсіби өсуін қолдау және көтермелеу, еліміздің үздік педагогтарын анықтау мақсатында өткен байқауда республика, облыс деңгейінде тұғырдан көрінгендер мерейленді. 

Айталық, республикалық кезең жеңімпаздары – Ескелді ауданы Н. Алдабергенов атындағы орта мектептің география пәні мұғалімі Анжелика Нестеренко мен Көксу ауданы М. Құрманов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанар Абдрешоваға ақшалай сертификат және медаль табысталады.

Өз кезегінде облыстық турдың жеңімпаздары – Талдықорған қаласының №20 мамандандырылған лицейінің тарих пәнінің мұғалімі Г. Жуаспаева, М. Арын атындағы №24 мамандандырылған лицейінің физика пәні мұғалімі М. Қиса, Қаратал ауданы С.Морозов атындағы №51 орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Юлия Федотова-Калошина, Ақсу ауданы І. Жансүгіров атындағы орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Эльмира Естібаева, Көксу ауданы М.Құрманов атындағы №2 орта мектебінің математика пәні мұғалімі Талдаубек Нұрдыбек, Панфилов ауданы Жамбыл атындағы орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Ақмарал Ибраимова, Талдықорған жоғары медициналық колледжінің арнайы пән оқытушысы Жұлдыз Сағындықова, Жаркент жоғары педагогикалық колледжінің арнайы пән оқытушысы Ардақ Жұмабаева мерейленіп, куәліктер мен ақшалай сертификаттар еншіледі.

Жиын барысында республикалық кезеңде топ жарған 64 педагогтың санатынан табылған қос жерлесіміз Жанар Абдрешова мен Анжелика Настеренко сөз алып, ұлағатты жолдың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар еңбегін елеп, лайықты қолдау көрсетіп келе жатқан облыс басшылығына деген алғыстарын да жеткізді.

АРДА БИ
Фото: gov.kz