Жетісу облысында Тәуелсіздік есімді бала тұрады

Уақыты: 15.12.2023
Оқылды: 471
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысында Тәуелсіздік есімді бала тұрады. Осындай ерекше атты иеленген Тәуелсіздік Батырбекұлы Панфилов ауданының тұрғыны. Қазір 12 жаста, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

2011 жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында дүниеге келген тұңғыш ұлдарының есімін әкесі ырымдап қойған.

«Желтоқсан оқиғасында қаза болған Ләззат Асанова біздің ауылда туған. Ербол Сыпатаев та біздің ауданның азаматы. Желтоқсан оқиғасында ел тәуелсіздігі үшін құрбан болған азаматтардың ерлігі ұмытылмауы тиіс. Солардың құрметіне және егемендіктің қадірін біліп жүрсін деп Тәуелсіздік есімін бердім», - дейді әкесі Батырбек Нүсіпов.

Бүгінде Тәуелсіздік Батырбекұлы бүгінде Панфилов ауданы Көктал ауылындағы Абай атындағы орта мектептің 7 сыныбында оқиды. Оқу озаты, сынып старостасы. Мектепішілік іс-шараға белсенді қатысып, әрдайым алғы шепте жүреді.

Мереке қарсаңында Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек мектепке арнайы барып, ерекше есімді арқалаған балаға смартфон сыйға тартты. Жаркент өңірінің жастары да тәуелсіздік үшін ерекше үлес қосқанын атап өткен аудан әкімі бүгін солардың ізін басқан жас ұрпақтың бірі Тәуелсіздік есімін арқалаған жасөспірім Панфилов ауданында өсіп келе жатқанын айтты.

«Бұл ел тәуелсіздігіне деген ерекше құрмет деп білемін. Жас ұрпақтарымызға ұзақ ғұмыр, жарқын болашақ тілеймін!», -  деді аудан әкімі.

Жалпы Нүсіповтер әулеті - ауылда үлгілі жанұя. Ерлі-зайыптылар үш бала өсіріп отыр. Олар ұрпақтарының білімді, саналы, елге арқа сүйер азамат болсып өскенін қалайды және оларға сол жолда тәрбие беріп келеді. Отбасы мал шаруашылығымен айналысып, балаларды еңбекке де баулып, ел дамуына өз үлестерін қосып отыр.