ЛӘЗЗАТ ӘПКЕМ – МӘҢГІЛІК САҒЫНЫШЫМ

Уақыты: 17.12.2023
Оқылды: 753
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әбден кеш кіріп қалған шақ. Желтоқсанның алғашқы қары да Талдықорған шаһарын күміске бояп үлгерген. Сапардан келе салып редакцияға асығып жеткен маған редакторымыз: «Ажар әпкеңмен сөйлессеңші, Ләззат туралы тебіренісін оқырманға жолдайық» деп тапсырма жүктеді. Онсыз да аялы жанның сіңлісімен сөйлесуді көздеп жүрген, лебізін естуді, тарихи тұлғаға деген бауырлық сүйіспеншілікті тыңдауды ойлап жүргенмін. Өткен жылы Ләззат Асановаға арнап «Құрыш табыт» атты миркопоэма жазып ем. Сол шақтан бастап Ажар Асановамен тілдесуді көздегенмін.

Көздеген ойға жүрік көңіл ала қашты. Жаһанданудың ең ғажайып тиімділігін пайдаланып, Ажар Асановаға желі арқылы хат жолдадым. «Ажар әпке, қалыңыз қалай? Сіз қазақтың қаһарман қызы Ләззат Асанованың туған сіңлісі ретінде бүгінгі жастарға әпкеңіз жайлы жүрек сөзіңізді жеткізсеңіз екен. Біз де, оқырман да сол ақжармамен жылынып, бойға рух шақырайық», – дедік. Сондағы Ажар әпкенің қызғалдақ ғұмыр иесі, қазақтың батыр қызы жайлы тебіренісі төмендегідей.  

 ****

Тал шыбықтай бұралып өскен шағында замана көшінде шайқалып, бұралаң жолға түскен ел керуенін азаттыққа бастауға ұмтылған кешегілердің ерлігін естен шығаруға болмас. Елі ұмытпаған ерлікті жеткіншектер де, ұрпақтар да жадында тұтуы керек қой. Ал, мен сол азаттықтың ақ таңын қызыл қанының, ардақты жанының өтеуімен арайлатқан боздақтардың ерлігі мен өрлігін айрықша бағалаймын, терең сезінемін.

  Менің туған әпкем – Ләззат Асанова. Ол елі сүйген, халқы құрметтеген «Тәуелсіздіктің қарлығашы» ғой. Халқының хаһарман қызының артынан ерген сіңлісі екенімді мың жерден мақтан тұтқаныммен, кейде тағдырының келте болғанына қапаланатыным жасырын емес. Ойлаңызшы, бар-жоғы 16 жыл ғана тірлік кешті. Қауызын жаңа ашып, сабағына енді көктеткен шақта алып империяның тажалдай төнген көмейіне тәндерін төседі. Сұм саясаттың сақылдаған тісін балғын денелерімен қақыратып сындырды. Күлпарша етуге күш салды. Осылайша ерлікті жанына серік еткен әпкем қазақ жастарымен тізе қосып қолдан сусып кеткен тәуелсіздіктің тізгінін еліне аманаттады.

Рас, Ләззат Асанова десе елдің есіне Желтоқсан көтерілісі түседі. Қақаған қыста, қысылтаяң шақта мұздай құрсанған жендеттер мен қарулы әскерге қарсы тұрған өрімдей қазақ жастары елестейді. Ал біздің көзімізге талдырмаш бойжеткен, ақылды, алғыр жан келеді.

Менің әпкем сонау бабаларымыз аңсаған тәуелсіздіктің атуына сертке тұрып септескен жан ғой. Сондай сұлу болған. Ажарына ақылы сай, қайсарлығы мен рухының биіктігі бөлек еді. Қазақ үшін қыршынынан қиылған қызғалдақ ғұмырын батырлықпен көркемдеген әпкеме деген сағынышымды ойға орам, сөзге дәйек етіп жеткізе алмаспын, сірә?!

Шыны керек қызғалдақ ғұмырлы әпкем мен ардақты анама деген аңсар сезімін жүректе әлдилеп келемін. Сағынышым шексіз-шетсіз іспетті.  Бізді өмірге алып келген анам Алтынай Дінмұхаммедқызының өмірден өткеніне де 2 жылдан асыпты. Уақыт деген жүйрік қой. Десе де көзінің тірісінде анам ардақты қызын үнемі еске алып, ерлігін, барлық асыл қасиетін жыр қылып айтып отыратын.

Жаулығын кірлетпей, жанына жамандық жуытпай ғұмыр кешкен анам Ләззат әпкемді жиі еске түсірді. Сондай бір керім шақтарда: «Аяулы қызым Ләззат гүлдей құлпырған қыз еді. Бала жасынан жалындап тұрды. Көзінің ұшқыны көкірегінің алаулап тұрғанын танытатын. Көремдік пен келісті пайым-парасаты үндес еді», – деп тебіренетін. Сөйткен анам да аяулы қызының қасына кетті. Ләззат әпкеме деген 35 жылдық сағынышы мен аңсарын әлдиледі.

 ***

Ажар әпке Асанова туған әпкесі жайлы осылай тебіренді. Сөзінің соңын: «Ләззаттай батыр қызды туған анам да, ел сүйген қызғалдақ ғұмыр иесі – Ләззат Асанов да ешқашан ұмыт болмайды. Қаһарман атағын алмаса да, қазағым батыр атағын беріп қойған...» – деп түйіндеді. Осылайша тарихқа қашалған тұлға жайлы тебіренген, әпкесі жайлы әсерлі сөйлеген жан, асыл перзент жайлы сұрап, пікірін білмек болған ілтипат білдірді.

"Жетісу-Ақпарат"
Фото: 
https://adyrna.kz/post/84066