Ел көсегесін көгерткендер құрмет төрінде

Уақыты: 15.12.2023
Оқылды: 604
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ауыл шаруашылық саласы ел экономикасының драйвері екенін әлдеқашан дәлелдеп қойды. 70 жылдан астам уақыт алып аймаққа әмірін жүргізген комунизм тұғыры қирағаннан кейін Қазақстанның қай сала болмасын күйрегендей болған. Агро кешенді дамыту уақыт талабы екенін сол тұстағы билік тізгіндегендер мезгілінде түйсініп, осы саланы дамытуға ден қойды.

Өйткені тамыры ауылға байланған қазақтың тынысы қара шаңырақтағы тұрмысқа тікелей байланысты-тын. Қош, ауыл шаруашылығындағы кешенді бастамалар мен етжеңді жұмыстар ауылды да, мұндағы ағайынның шаруасын да дөңгелетуге мүмкіндік берді. Осылайша дала төсін емген диқанның да, дала еңбеккерінің де еңбегі еш кетпейтін жағдайға жетті. Әлемде ұлық ұстаздан кейінгі мәртебелі орын еңбек адамы екені де айқын. Оның ішінде ала жаздай ел ырыздығы мен несібесін жинаған шаруаның құрметсіз қалмауы керек-тін. Қалмайды да. Апта соңында тұрмысы мен тынысы ауыл шаруашылығына байланған дала еңбеккерлерін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев құрмет төріне шығарды. Аймақ басшысы Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған шарада сала үздіктерін марапаттады.

Алдан Бекиев, «Қызылшоқы» серіктестігінің директоры:

– Еңбектің еленгені жақсы. Аймақ басшысы қолдап, істеген тірлігімізді ескеріп жатыр. Мұндай қолдау қанаттандырады. Біздің серіктестік егінмен, мал шаруашылығымен айналысады. Биыл 500 гектарға қант қызылшасын егіп, жоғары өнім алдық. Оның үстіне 23 жұмыс орны ашылып, ауылдастарымызды жұмыспен қамтыдық. Келер жылы 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салуды жоспарлап отырмыз.

Облыс әкімі әр ауданның даярлаған көрмесін тамашалап болған соң мінберге көтеріліп жетекші саладағы оңтайлы істерді саралады. Бейбіт Өксікбайұлының айтуынша, биыл жалпы жиналған дәнді дақылдар өнімінің көлемі бойынша Жетісу облысы республикада алғаш рет 4-ші орыннан көрінді. Осы жылы облыс диханшыларының қажырлы еңбектерінің арқасында 517,8 мың гектар егіс алқабынан 1,9 млн. тонна ауыл шаруашылық дақылдары жиналды. Өткен 11 айдың қорытындысында ауыл шаруашылық өнімінің көлемі 475,9 млрд. теңгеге жетті. Бұл ретте биыл агронысандарды қолдауға бюджеттен 46 млрд. теңге қаражат бөлінсе, оның 28 млрд. теңгесі субсидия және 15 млрд. теңгесі жеңілдетілген несие ретінде берілген. Осы соманың 3,1 млрд. теңгесі ауыл шаруашылық техникасын сатып алу үшін лизингіге бағытталған.

Мұнан соң аймақ басшысы ауыл шаруашылығындағы күн тәртібінен түспей тұрған мәселелерге де тоқталды. Қазақстанның басқа аймақтары секілді Жетісу өңірінде де жер мәселесі көп шаруаның қабырғасын қайыстырып жүрген. Облыс атқамінерлері бұл мәселенің де тінін тарқатып келеді екен.

 – Жер жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін 2022 жылдан бері ауыз толтырып айтар тірлік жасадық. Бүгінге дейін пайдаланылмаған және мақсатқа сай пайдаланылмай отырған 375 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. 35,9 мың гектар жер жайылымға берілді. Сол сияқты шаруалар конкурс арқылы 140 мың гектар жер телімін меншіктеді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Өңірде алқаптарды  сумен қамтуға да көңіл бөлінуде. Биыл су үнемдеу технологиялары 1,2 мың гектарға енгізілсе, алдағы екі жылда су үнемдеу технологиясын қолдану алаңын 12 мың га жеткізу межеленіп отыр. Бұл ретте инвестициялық субсидиялау бағдарламасы арқылы жаңбырлатқыш машиналар мен тамшылатып суару жүйелерін сатып алған шаруашылықтардың шығыны 50 пайызға субсидияланады, – деді аймақ басшысы.

Балтабек Абылқасымов, «Абылқасымов Б» шаруа қожалығының басшысы:

– Аймақ басшысы Сарқан ауданына іссапармен келгенде қант қызылшасын Ақсу қант зауытына өткізуге қолайлы жағдай жасауын сұрағанбыз. Өтінішіміз еш кетпеді. Нәтижесінде жаз бойғы төккен теріміз еселеніп қайтты. Мемлекет басшысы өңірге сапарында Жетісу облысын қант өндіру орталығына айналдыру керегін тапсырған еді. Сол бағытта қарымды қарекет етудеміз. Облыс әкімі Б.Исабаевтың аз еңбегімізді ескеріп, марапаттауы еселі еңбек етуімізге себепкер болмақ.

Облыс әкімі Б. Исабаев ауылдықтарды қолдауға бағытталған кешенді бастамаларға да тоқталды. Әсіресе, мемлекет басшысының тапсырмасына орай қолға алынған «Ауыл аманаты» бағдарламасының өңірде жүйелі жүргізілуіне тоқталды. Жыл басынан бері өз ісін бастап, дамытуға қажетті 2,9 млрд. теңгені 500 адам нақты қолына алғанын да сөз етті. Аймақ басшысы бұл бағдарламаның негізінде ауыл тұрғындары жеңілдікпен несиеге қол жеткізіп, айтулы салада еңбек етуіне мол мүмкіндік екенін жеткізді. Құттықтау сөзден соң облыс көлемінде озық тәжірибе, үздік өнімділік көрсеткен шаруаларды марапаттады. Оның ішінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің бірқатарына облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты, «Еңбек ардагері» медалі және «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісі табысталды. Мұнан соң түрлі аталым бойынша үздік танылғандарға дипломдар мен қаржылай сыйлықтар берілді. «Облыстың үздік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері» аталымы бойынша Кербұлақ ауданындағы «Қызылшоқы» ЖШС-не І дәрежелі диплом мен су жаңа трактордың кілті табысталды. Сондай-ақ, Ескелді ауданынан «Жанатов и К–Алдабергенов атындағы агрофирма» ЖШС ІІІ дәрежелі диплом мен 800 мың теңгелік сертификатқа қол жеткізсе, Қаратал ауданынан «Бақыт-Қаратал» серіктестігіне 1 млн. теңгелік сертификат пен ІІ дәрежелі диплом табысталды. Шаруа қожалықтар сапынан облыс бойынша Ақсу ауданынан «Көкөзек», Панфилов ауданынан «Оразбай», Көксу ауданынан «Кеңдала» шаруа қожалықтары үздік деп танылып, қаржылай сертификаттар табысталса, аталмыш санат бойынша Сарқан ауданынан «Абылқасымов Б» шаруа қожалығы көш бастап, аталмыш құрылымның басшысына жаңа трактор тарту етілді. Өңдеу кәсіпорындары арасында «JLS Сүт» сүт зауыты көш бастап, зауыт басшылығына І дәрежелі диплом және 800 мың теңгенің ақшалай сертификаты табыс етілді. ІІ орынды «Бақытбек Қаратал» ЖШС және ІІІ орынды «Текелі сүт зауыты» иеленіп, оларға сәйкесінше 500 мың және 400 мың теңге сыйақы берілді. Марапаттау рәсімінен соң сала майталмандары мерекелік концерт тамашалады.

Дастанбек Садық
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай