ДЕРЕКТЕР МЕН ДӘЙЕКТЕР

Уақыты: 17.12.2023
Оқылды: 717
Бөлім: КҮНДЕРЕК

1986 жылғы 17-18 күнгі Желтоқсан оқиғасы бойынша комиссия жұмысы үш кезеңде жүргізілген. Нәтижесінде комиссия 25 томнан тұратын 2 мыңдай құжатты тексерген. 500 том қылмыстық және әкімшілік істер қаралған.

Жауапты партия, совет қызметкерлері, құқық қорғау, заң органдары басшыларынан бастап 800-ге жуық ресми адамдар сұралған. Комиссия жұмысы барысында қылмыстық істер бойынша 98, ал әкімшілік істер бойынша 360 сараптау қорытындылары жасалған.

 «Ленин идеясы жасасын!» деген плакатты алып жүргені үшін қалалық сот А. Бекбосыновты 2 жылға соттаған. «Әрбір ұлттың өз көсемі болсын!» деген плакатты көтерген Ж. Әуезов 5 жылға кесілген, «Ешбір ұлтқа артықшылық берілмесін!» деген ұран көтергені үшін Е. Бисенов 7 жылға бас бостандығынан айырылған.

Желтоқсан көтерілісін басуда көрсеткен «ерлігі» мен «жанқиярлық» әрекеті үшін Қазақ ССР Ішкі істер министрі Г. Князев жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталған. Оның орынбасары Э. Басаров және құқық қорғау органдарының басқа да қызметкерлері мемлекет наградалары мен құрметті атаққа ие болған.

Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінің 1596 қызметкері Құрмет грамоталарымен, «Үздік қызметі үшін», «Милиция үздігі» деп аталатын белгілермен, ақшалай сыйлықтармен және Алғыс қағаздарымен марапатталған. 250 адам медаль және 250 адам Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумның грамоталарын алған.

Жастар қозғалысын басу үшін «Метель – 1986» атты жойқын оперативті жоспар болғаны және бұл жоспар Кеңес одағында бірінші рет Алматы желтоқсанында сынақтан өткені анықталды.

Желтоқсан оқиғасынан кейін «Жетісу», «Огни Алатау» газеттерінде сот залынан Қайрат Рысқұлбеков пен 4 студенттің суреті басылып шығып, ҚазТАГ-тың директоры, «Жетісу» газетінің редакторы, «Огни Алатау» газеті редакторының орынбасары қызметтерінен алынды.

(Деректер мен дәйектер «Алматы. 1986 желтоқсан» кітабынан алынды)
Фото: turkystan.kz