Қисық ағаштың көлеңкесі

Уақыты: 16.12.2023
Оқылды: 3386
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ол екіжүзді, найсап болып шықты. Басында жігіт болып сөз салып жүргенде мейірімді, қамқор болып көрінетін. Ол екеуі уәде байласпай жатып, жігіт қызды алдап суретке түсіріп алып,  «Екеуміз  сөз байластық» деп интернет желісіне   жүктеп қойды.   Қыз сол күні қатты жылады. Елден ұят болды-ау деп.   Сол кезде бойжеткеннің  парақшасына бірнеше қыздан хабарлама түсті. «Бұл – мені қорлаған, ұрған, соққан. Осының кітабын жазамын деп соқыр болдым»  деген.  Жеті басты жалмауыз бұл жағдайды «Маған қолы жетпегендердің  қызғанышы ғой»  деп алдаусыратты. Мұның жанына не керегін айнытпай біліп отыратындай, тіпті зерттеп алған ба дейсің. Өзі тұрмақ ата-анасының да көңілінен шығуға тырысады. Ғаламтор арқылы жақын құрбысымен танысып, онымен де тіл табысуға тырысқан. Көпшіл, ақкөңіл, қамқор болып көрінген.  Кейде  ашушаң,  ызақор, кекшіл мінезі байқалып қалатын.  Бойжеткен оның шырт етпе мінезін  шығармашылық адамына сай қылық деп ұқты. Бір-екі рет  теріс қабақ танытып еді, әккі неме сөзбен  алдаусыратып, ағасындай, әкесіндей қамқор болатынын айтып, жуып-шайып жіберді. Өзінің әкесіз өскендігін айтып, мінезіне түсіністікпен қарауын сұрайтын. Қыз оның еркек басымен көз жасына ерік бергенін көріп,  аяушылық танытатын. Шынымен де жаны жаралы екен ғой деп ренжіген райынан тез қайтатын.  

Екеуі көп ұзамай бас қосты. Ойпырым-ай, «Саудың тамағын ішіп, жындының қылығын жасайды» деген осы болар. Айқай-шусыз күн жоқ. Әрнәрсеге ашу шақырып, үйдегі орындықтарды, айнаны сындырды.  Ақырында жұдырығын ала жүгіретінді шығарды.  Өзінің түсініксіз жүрісі көп. Ағайын-туыс, дос-жаранмен араласуға тыйым салды. Шақырған жерге ауырып тұрмын, көңіл-күйім жоқ деп бармауға тырысады. Көпшілікке намаз оқимын деп өтірік айтады. Жан-жағындағылардың жанын ауыртып, жылатқаннан рахаттанады. Ұрыс шығарған күні күш алып, еңселеніп, ыңылдап ән айтып, күлімдеп жүреді. Бірде қонаққа келген қарындасын қылқындырып тастады.  Сол ісінен ләззат алғандай көрінді.  Барып тұрған бәлеқор, жалақор. Қыз мұның қылығынан қорқайын деді. Бір күні өзіне де қол жұмсады. Бұл  «Жедел жәрдем» шақырып еді, дәрігерлер келгенше «ауруханаға бармаймын деп  арыз жаз» деп  қорқытып-үркітіп көндіріп қойды. Еліктің лағындай қамқорлықта өскен қыз күн санап жүдей берді. Қорқыныш оның бойын баурап алды. Телефонына қайда барғанын көріп отыратын бағдарлама орнатып та тастады.  Есіктің алдына шықса кіммен сөйлескенінің есебін сұрайтын болды.  Кезіндегі ұнатқан жігіт бір айда 360 градусқа өзгерді. Жігітті мүлде басқа адамға алмастырып тастағандай. Онда аяушылық, өкіну,  ұялу деген сезім мүлде жоқ. Кешіріммен қараған сайын бағалаудың орнына басынуын арттырды. «Басыңа хиджап ки, жұмыстан шық, үйде отыр. Менің шығармашылығыммен сен айналысасың. Бірақ, жарыққа менің атымнан шығарамын. Әйел тек ерінің жағдайын жасау керек» деген дүдәмал міндеттер жүктей бастады. Ешқандай санаға сыймайтын, өзіне ғана тән заңдылығы бар. Соған мойынсұнуға тырысады. Ашуланғанда түрі қорқынышты болып кетеді. Көзі аларып, түсі суып, аузы-басы қисайып, дауысы жер жарып, жыртқыштың кейпіне енеді. Жынданған кезде  3-4 сағат тоқтамай айқайлайды. Содан аузынан көбік ағып, диванға барып құлайды.  Қыз бұдан құтылмаса өміріне қауіп төнетінін сезді. Жұмысқа кеткен болып үйден қашып шықты. Ата-анасының үйіне барып  жан шақырды. Әбден зәрезап болған қыздың ойынан түндегі оқиға, жігіттің мінез-құлқы шықпай қойды.  Адамның аз уақытта осынша өзгеруінің мәнісін түсінбеді.  Ақыры жағдайды таныс психолог-дәрігерге айтты. Сөзді соңына дейін тыңдаған дәрігер:  «Психопат, домашний агрессор,  маньяк,   извращенец деген осы»  деді. 

«Мұндай адам бір жерде ұзақ уақыт жұмыс істей алмайды. Сырын ел біле бастағанда орын ауыстырып кетеді.  Бұл – ауру адам. Психологиялық ауытқуының себебі, жүйке ауруы  ата-анасының бірінен берілген болу мүмкін. Немесе  әке тәрбиесін көрмеген. Әйелден қорлық көріп, арқасүйері болмай, тексіз деген сөзге арланып, қорланып өскен. Ол замандас қыз-келіншекпен, жігіттермен тіл табыса алмайды. Себебі,  замандастары өзін кекетіп тұрғандай сезінеді. Өзін мықты етіп дәлелдеуге тырысады. Басқалардың көңілін  аударту үшін ашу шақырады.  Сондықтан, басқаны алдап-арбап, өзіне жанашырлық танытқызып, оның  сеніміне кіріп, ақырында зорлық көрсетеді. Психопат көптің арасынан өзі  зорлық көрсете алатын құрбанын іздейді. Содан күш алады. Ол ұрыс болмаса өзін әлсіз сезіне бастайды.  Қазақтың «Ұрсыспасаң басың ауыра ма?» дегені осыдан шыққан.  Сіз сондай адамға жолыққансыз. Ертерек құтылғаныңыз дұрыс болған. Ол сізді ата-анаңызға, дос-жараныңызға қарсы қойып, араластырмай, қорлап, өлтіретін еді»,– деді.

Психопаттардың  жан-жағымызда көбейіп бара жатқаны алаңдатады. Зорлық  көрсетіпті деген сөзге құлағымыз әбден үйреніп барады.  «Кішкентай қыз баланы бір еркек...» дегенді естігенге елең ете қоймайтын болдық. «Қайсыны айтасың? Әнеу күнгі жағдай ма, аааа, бұл басқа ма?» деп отыра беретін жағдайға жеттік. Азғынданудың соңғы сатысы шығар. Еркектер неге өз болмысынан   ауытқып барады? Ер адам қорғансызға қорған еді ғой. Әсіресе, бала-шағаға жанашыр емес пе еді?! Қазір  еркектен келер қауіп көп. Әсіресе,  сәбиі барлардың көңілі алаң. «Ол жаққа барма, жалғыз жүрме,  байқа, бөтен адам көрсең  қаш» деген нұсқаулар бүлдіршіндерге жиі айтылады. Ұл балалары барлар да жанын шүберекке түйіп отыратын болды... Бұл не сұмдық?  Әлде ауада вирус бар ма? Болмаса  миымыз уланды ма? Мүмкін тәрбиеде кемшін кетті ме?  Психологиялық ауытқуы бар адамдар жайлы тек фильмдерден көріп, дәрігер-мамандардың жазбаларынан  «психопат, маньяк,  агрессор, тиран» деген сөздерді кездестіретінбіз. Бүгінгі таңда осының барлығы өз арамызда қаптап кетуінің сырын ұға алмаймыз. Қоғамда белгілі адамдар,  лауазымды қызметкерлер, құқық қорғаушылар, мұғалімдер арасында да зорлықшылардың көбейіп кеткенін қалай түсіндіреміз?  Аузымыз бармаса да айтайық, бүгінгі қазақ қоғамы жынданып бара жатқандай көрінеді.  Еркектердің зорлыққа жиі баруының сырын көпшілік арасында сауалнама жүргізу арқылы білуге тырыстық.  Қоғам белсендісі Дастанбек Садықов  «Меніңше, отбасындағы тәрбиенің кемшін тұсы осындай жағдайға жеткізді. Ұлдарда өзі құралпы қыз-жігіттермен араласуға батылдық жетпейді. Бала кезінде жылылық көрмеген.  Мүмкін әкенің  тәрбиесі жетпеген. Жігіттер өзі қатарлы қыз-келіншектерге сөйлеуге бата алмайды. Содан барып нәпсісін қандыру үшін шамасы жететіндерге зорлық көрсетеді. Сондықтан әке тәрбиесінің рөлін арттыру керек. Отбасын сақтауға, ажырасуға жол бермеген дұрыс», – дейді үш баланың әкесі. 

Жалпы еркекке жүрек керек, әйелге тірек керек. Әке  қайратты болса, бала ғибратты болатыны сөзсіз. Бұл орайда  мәселенің мәнісін түсіндіріп беруді облыстық аурухананың невропатолог  дәрігері Ақмаржан Ерболатқызынан сұрап-білуге тырыстық. «Жақында  жас келіншек ауруханаға түсті. Күйеуі өлімші  қылып сабаған.  Басында балаларына көрсетпей қол жұмсайтын болған. Кейіннен ұл-қызының көзінше өлімші қылып сабаған. Сенсеңіз, балалары адамға жеккөрінішпен қарайды. Сұрақ қойсаң мазақ қылып тұр дегендей жанары жасаурап шыға келеді. Әкесі мұндай қылығын қоймаса бала психологиясы бұзылып, олар да  қатыгез болып өсуі әбден мүмкін. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген бар емес пе?!  Қазір еркектердің көбі – ез. Шамалары отбасына айқайлауға, жала жабуға, жанжалдасуға ғана жетеді. Көпшілігі жұмыс істемейді. Ауырдың үсті, жеңілдің астымен күн көргісі келеді. Жас жігіттер  алаяқтықпен шұғылданады. Отбасылардың көбін тұрақты жұмыс істеп, әйелдер асырап отыр. Әйел күйеуі мен балаға назалы. Міне, осыны көрген ұл балалар жігерсіз болып өседі. Қоғамның азғындануының себебінің түп-тамыры еркектердің тәрбиесінің төмендеуінен», – дейді  тәжірибелі маман.

Зорлық-зомбылық көргендерді кімдер қорғайды? Оларға қандай жағдай жасалады? Бұл жөнінде дағдарыс орталығының мамандарынан сұрап-білуді жөн көрдік. Тұрмыстық зорлық-зомбылық орталығының маманы  Мира Темірханқызы: «Құқықтық, экономикалық, еңбек, педагогикалық, медициналық, психологиялық көмек көрсетумен шұғылданамыз. Ашылғаннан бері 626  адам жүгінді.  Оның 193-і әйел, 433-і бала. Олардың барлығына тиісінше көмек көрсетілді. Мысалы,  33 адамға әлеуметтік жәрдем- ақы тағайындалды. Тағы 31 адамның құжаты жасалды. Сондай-ақ,  24 әйел жұмысқа орналастырылды. Бір қызығы, қорлық пен зорлыққа шыдап, соны қалыпты жағдай көретін әйелдер бар.  Мына жағдайға көңіл аударыңызшы. Үш қызы бар келіншекті күйеуі өлтірмекші болып, мылтықпен оқ атқан.  Полиция барғанда оларға да мылтық таяған. Әйел адам күйзеліске түскен. Ауыр жағдайда болды.  Біраз уақыт ауруханада жатты. Кейін есін жинаған соң күйеуі келіп еді, еріп кетті.   Екінші жағдайда 4 баласы бар әйел түсті. Күйеуі бірнеше жерінен пышақ салып, асып өлтірмекке барған.  Алты ай жатты бізде. Соңында күйеуі келіп кешірім сұрап алып кетті. Мүмкін бала-шағамды қалай асыраймын дейтін шығар. Әйтеуір күйеуінің жетегінде кетеді».   

Жетісу облыстық полиция қызметі басқармасы басшысы, полиция полковнигі Қайсар Мұхметовтің айтуынша, есепті мерзімде зорлық-зомбылық дерегі бойынша 131 тұлға полицияға жүгінген.  Олардың 41-і әйел, 90-ы бала.  Барлығының қауіпсіздігі қамтамасыз етілу үшін «Дағдарыс» орталығына жеткізілген. Тиісінше көмек көрсетілген. Әрине, бұл тығырықтан шығудың жолы емес. Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін қоғам түзелуі тиіс. Жоғарыдағы мамандар айтқандай, отбасы тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінуі керек. Тектіден тәрбие алған тозбайды. Әке алдымен өздерін тәрбиелесе. Қисық ағаштың көлеңкесі де қисық болатыны анық.

Гүлжан ТҰРСЫН