АЗАМАТТАРДЫ ҚАБЫЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 21.12.2023
Оқылды: 508
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылдың 3 шілдесінен бастап Астана қаласында Президент Әкімшілігінің, Үкімет аппаратының және орталық мемлекеттік органдардың бірыңғай фронт-офисі ретінде Қазақстан Республикасы Үкіметі аппаратының жанынан азаматтарды қабылдау орталығы жұмыс істеп келеді.

Талдықорғанда  Жетісу облысы әкімдігінің жанынан құрылған Азаматтарды қабылдау орталығы ашылып,  өз жұмысын бастап кетті. Орталық электронды-цифрлық қолтаңбамен түрлі анықтамалар бере отырып, өтініштерді қабылдауды бірыңғай  жүйелі консультациялауға, жеке қабылдаулар мен тіркеу жүргізуге маманданатын болады. Яғни, орталық базада азаматтар  кез келген уақытта мемлекеттік органға өтініш бере алады. Сондай-ақ, атқарушы билік өкілдері азаматтармен кездесу өткізеді.

Осы орайда облыстық денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, жер қатынасы, ауылшаруашылығы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары, Талдықорған қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынасы сияқты мемлекеттік органдардан 19-ға жуық қызметкер арнайы орталыққа жіберілді.

Сонымен қатар, алдағы уақытта орталықта  жергілікті атқарушы және аумақтық мемлекеттік органдардың басшылары азаматтарды қабылдау шарасын өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, өңірдегі 32 басшының қабылдау кестесі толығымен бекітілді.

Айғаным АЙТМҰХАН
Суретті түсірген Руслан Қадыров