ЖЕТІСУДЫҢ ЖАС КӨШБАСШЫЛАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 21.12.2023
Оқылды: 590
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Б. Римова атындағы облыстық драма театрында облыс әкімінің «Көшбасшы – 2023» жастар сыйлығын тапсыру салтанаты өтті. Жастарға арналған жалынды шараға аймақ басшысы Бейбіт ИСАБАЕВ қатысты.

«Көшбасшы» жастар сыйлығының табысталып келе жатқанына 20 жылдан асты. Жыл сайын байқауға қатысушылардың саны артып келеді. Биыл 114 үміткер өтініш қалдырыпты. Бұл жолы 10 аталым бойынша өз саласында үздік атанып, көш бастаған жастар анықталып, облыс әкімінің арнайы сыйлығына лайық деп танылды. Айта кетейік, биыл байқауға алғаш рет «Үздік оқушы» аталымы енгізілді.

 Салтанатты шара барысында Бейбіт Өксікбайұлы:

 – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастармен кездесулерінде маңызды үш бағыт ретінде терең білім, еңбекқорлық пен отаншылдық қасиеттерін жиі айтады. Расында да ойы озық, білімі мол, адал еңбекті серік еткен, креативті, инновацияға бейім елжанды жастар – қоғамның қозғаушы күші. Өңірімізде жастардың лайықты білім алуына, жұмыспен қамтылуына, рухани тәрбие мәселесіне үлкен мән беріліп, бірқатар кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Көшбасшы» жастар сыйлығы. Жалпы өңірімізде 14 пен 35 жасқа дейінгі 188 мыңға жуық жас болса, солардың қатарынан 10 номинация бойынша  әртүрлі салада абыройлы қызмет етіп жүрген жастар бүгін үздік атанып отыр. Жалпы қоғам, соның ішінде жастарымыз бәсекеге қабілетті болу үшін үнемі ізденісте болуы керек. Жастар сөзге емес, іске үйір болса қоғам үшін тигізетін пайдасы мол болмақ. Әсіресе, волонтерлықта, қоғамдық бірлестіктерде, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдарда белсенді жастарды көргенде қуанамыз. Өйткені, жаңарған Қазақстанды құруда азаматтық ұстанымы айқын, өз үні, өз көзқарасы бар, отаншыл жастардың рөлі зор, – деп жеңімпаздарды құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

Аймақ басшысы келесі кезекті облыстың «Үздік көшбасшыларын» марапаттап, оларға «Көшбасшы» сыйлығы, диплом және қаржылай сыйлық табыс етті. Жүлдегерлерді атап өтер болсақ, «Үздік жас кәсіпкер» аталымы бойынша «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы Панфилов аудандық филиалының директоры Ерлан Нарынбаев, «Үздік жас дәрігер» аталымы бойынша Панфилов ауданаралық көпсалалы ауруханасы директорының ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары Алтынай Кудерова, «Білім және ғылым саласының үздігі» аталымы бойынша Жетіжал орта мектебінің директоры Әділет Нұрғалиев, «Үздік жас журналист» аталымы бойынша «Жетісу» телеарнасының шығарушы-редакторы Аяулым Сансызбаева жеңімпаз атанды. Ал халықаралық дәрежедегі «спорт шебері» Исхар Курбаев «Үздік жас спортшы», Жетісу облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, «Жетісу» туристік ақпараттық орталығының басшысы Жандос Нуриев «Үздік жас қоғам белсендісі», І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің 4 курс білімгері Арайлым Жайлаубаева «Үздік студент», Қабанбай ауылдық мәдениет үйінің директоры Ербол Ақшолаков «Мәдениет саласының үздігі», Талдықорған қаласының №4 орта мектебінің оқушысы Аяжан Ықсан «Үздік оқушы», Көксу ауданындағы Сырымовтар әулеті «Үздік жас отбасы» атанды.

Өз кезегінде Аяулым Сансызбаева жеңімпаздар атынан сөз алып, шара ұйымдастырушыларына алғысын жеткізді.

Салтанатты шара ары қарай жастарға арналған ән-шашумен жалғасын тапты.

Айдар ҚАЛИЕВ
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай