Кеңестік Қазақстан тарихы қайта жазылуда

Уақыты: 24.12.2023
Оқылды: 592
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Соңғы уақыттарда ғаламтор желісінде Қазақстан тарихы туралы жиі айтылатын болды. Бір жағынан кейбір шетелдік ғалымдар қазақстандық дүкен сөрелерінде қазақ тарихына қатысты жібі түзу кітапты таба алмадық десе, екінші жағынан қазақтар өздерінің төл тарихтарын білмейді, орысша сөйлейді, тарихы жоқ елдің болашағы да бұлыңғыр деген ақиқатқа томпақ пайымдардың белең алуы, үшінші жағынан тарихты әуесқойлардың өздерінше «зерттеп», тұжырым жасаулары төл тарихымыз төңірегінде пікірлердің өрістеуіне жол ашты. 

Шындығында  өткенін білмейтін халықтың болашағы  жоқ екендігі тарихта дәлелденген. «Қазақтар өздерінің өткенін білмейді» деп айту сыңаржақ, шындықпен үйлесе қоймайтын пікір. Тарихымызды білеміз, алайда қандай тарихты білеміз деген сауал аса өзекті. Төл тарихымызды өзге халық өкілдерінің зерттегендері, идеология құрсауында қалғандығы, қасақана бұрмаланғаны, өткір, қасіретті тұстарының айтылмай қалғаны жасырын емес. Уақыт өткен сайын тәуелсіздіктің арқасында мұндай олқылықтардың орны толтырылып келеді. Алайда төл тарихымызға қызығушылық танытатын әуесқойлардың қаптап кеткені де жасырын емес. Қолдарында тарихи дерегі болмаса да «өзімдікі дұрыс» деген тұжырым жасаушылардың қатары аз емес. 

Қазақ тарихы, соның ішінде Кеңестік Қазақстан тарихы – бұрмалауларға ұшыраған өткеніміздің бір бөлшегі. Мұны қазіргі аға ұрпақ өкілдері жақсы біледі, өйткені салыстыру көз алдарында өтіп жатыр. Кеңестік кезеңде тарихты қалай жазып едік, тәуелсіздік жылдары қалай зерттеп жатырмыз. Арасы жер мен көктей десе болатындай. 

Алайда мәселе мұнда емес, тарихтың идеологияның шырмауында, қасаң цензураның қыспағында қалуы. Бұл өз алдына жеке мәселе. Кеңестік Қазақстан тарихын бұрмалап жазу Қазан революциясының алғашқы жылдарынан бастау алады. РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің (ХКК) 1920 жылғы 21 қыркүйектегі қаулысымен Ағарту халық комиссариатының жанынан, одан кейін 1921 жылдың 1 желтоқсанындағы РК(б)П ОК жанынан бөлім құқығында «Испарт» (Қазан төңкерісі тарихы және Коммунистік партия тарихы жөніндегі материалдарды жинау мен зерттеуге арналған комиссия) деп аталатын құрылымның пайда болуы тарих ғылымы бойынша жарық көрген еңбектерде большевиктік партияның рөлінің көрініс табуын бақылап отырудың тәжірибесін қалыптастырды. Сондықтан  тарих жазуда басқарушы партияны мақтап, мадақтау басты міндеттердің біріне айналды. 

Бұдан кейін Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің 1947 жылы 21 қаңтардағы «Қазақ ССР Ғылым академиясы тіл және әдебиет институты жұмысындағы дөрекі саяси қателер туралы» деген қаулысына сәйкес ғылымдағы шынайы, объективті көзқарас, ұлттық мүдде, өзгеше зерделеу, балама пікір атаулының барлығы ұлтшылдық, бұрмалаушылық ретінде қабылданды. Қоғамдық ғылымдардың көрнекті өкілдері «қазақ ауылындағы таптық күресті бүркемелегені, тарихты бұрмалағаны, феодалдық-рулық құрылысты дәріптегені, буржуазиялық пантүрікшілдікті насихаттағаны, орыс және қазақ халықтары достығының тамырын «қопарғаны» үшін айыпталды. Ғылымдағы саяси қуғын-сүргін тарихшыларды жоғарыдан бұйрық түскенше өз беттерімен зерттеулер жүргізе алмайтын жағдайға жеткізді. Маркстік-лениндік методологияны, таптық бағытты ұстану салдарынан сыңаржақ, большевиктік билікті дәріптеу мен мадақтауға негізделген, тарихи шындықтан алшақ, қағидалары мен тұжырымдары тоталитарлық жүйе мен большевиктік идеологияға сай келген еңбектер орын алды. Жеке басқа табыну идеологиясы мен тәжірибесі қалыптасып келе жатқан тарих ғылымының дамуын тежеді. И. Сталиннің жеке басына табыну айыпталғаннан кейін де ғылымда түбегейлі өзгеріс бола қоймады. Шындықты айтуға сәл мүмкіндік туған кезде Кеңестік кезеңдегі тарихтың ақиқаты сол жабулы қазан күйінде қалды. 

Бұдан кейінгі тоқырау жылдары өзекті проблемаларды жаттанды сызба, жадағай мысалдар арқылы көрсету әдетке айналды. Зерттеу әдістері, әсіресе, статистикалық әдіс «жөнделіп», шектелді. Статистикалық деректер партия саясатының мүддесіне сәйкес бұрмалана пайдаланылды. Салыстырмалы-тарихи әдіс кеңестік социалистік жетістіктерді қол жетпес биік межелер түрінде көрсету үшін қолданылды. 

Қоғамды қайта құру және демократияландыру жылдары Алаш қозғалысы, 1930 жылдардағы зобалаң мен алапат аштық туралы үстірт айтыла бастады. Бірақ, жалпы алғанда, догматикалық ойлау мен таптық бағыт еңсерілмеді. Оқиғалар мен үрдістерді шынайы зерттеуге көптеген жылдар бойы қалыптасқан үрей, өз тағдыры мен шеткері қалғандығы үшін қауіптену рефлекстері, шынайы тарихи дәлелдердің аздығы мен толық еместігі кедергі келтірді. 

Міне, кеңестік кезеңнің тарихын жазу мен зерттеудің тұрпаты өкінішке орай осындай еді. Мектептер мен жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы оқытылмады десе де болады. Қазіргі кезде Қазақстан тарихынан гөрі КСРО тарихын білетін аға ұрпақтың өкілдері пікіріміздің куәгерлері. 1932-1933 жылдардағы алапат аштық, «шаш ал десе бас алатын» солақай саясатқа қарсы азаттық күрес, Саяси қуғын-сүргін, ұлт зиялыларының қасіреті, ел аумағындағы жазалау лагерьлері, Семей, Капустин Яр полигондары және т.б. тарихтан орын алған оқиғалар мен үдерістер туралы жұмған ауыз ашылмады. Шындығын айтсақ, аштырмады. 

Мүмкін біреулер кәсіби мамандар болмаған шығар деп айтатын шығар. Мамандар да, тарихты зерттеумен айналысатын Ш. Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнология институты зерттеу жұмыстарымен айналысты. Докторлық және кандидаттық ғылыми дәреже алғандар қатары да сирек емес еді. Алайда қорғалған диссертациялардың көпшілігі коммунистік партияның қоғамның барлық салаларындағы жетекшілік рөлін көрсетуге арналды. 

Республиканың тәуелсіздік алуы жағдайды түбегейлі өзгертті. 1995 жылы «Тарихи сана қалыптастыру тұжырымдамасы» қабылданды. 1998 жылды Ұлттық тарих жылы ретінде өткізу Отан тарихын, соның ішінде кеңестік кезеңдегі жүріп өткен жолды тың көзқарастарда зерделеуге жол ашты. Тарих ғылымы кеңестік идеологиялық құрсаудан шығып, тәуелсіз мемлекеттің бүгіні мен ертеңін таразылауда жетекші рөл атқарды. Бұл үдеріс одан кейінгі уақыттарда өз жалғасын тапты. Кеңестік Қазақстан тарихында жабық деп саналып келген оқиғалардың ақиқаты тың деректер бойынша ашыла бастады. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан тарих ғылымы күрделі реформалау жолынан өтті. Соның негізінде көптеген ізденістер жүргізіліп, ғылыми зерттеулер жарық көрді. 2010 жылы «Қазақстан тарихы (көне заманнан қазіргі уақытқа дейін)» атты бес томдық басылымы шығарылды. Оның төртінші томы кеңестік Қазақстан тарихына арналды. 2013 жылғы 5 маусымда тарихшыларға үлкен серпіліс әкелген ұлттық тарихты зерделеу мәселелері жөніндегі ведомство-аралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысы өтті. 2013 жылғы «Халық тарих толқынында» ұлттық бағдарлама тарихшылар Қазақстан тарихының өзекті мәселелері бойынша іргелі зерттеулер жүргізуге қолайлы жағдай жасады. Ғылыми айналымға тың тарихи деректер енгізілді. Теориялық, методологиялық және қолданбалы сипаттағы еңбектер дүниеге келді. Кеңестік Қазақстан тарихын зерделеумен қатар оны насихаттау, тарих арқылы тәрбиелеу жұмыстары қоса атқарылды. Көптеген ғылыми конференциялар, «дөңгелек үстелдер» өткізілді. Халықтың рухани жаңғыруы үшін Кеңестік Қазақстанның тарихын зерттеумен қатар оны тарих арқылы тәрбиелеу және насихаттау жұмыстары да жүргізілді. 

Жаңа Қазақстанды құруда ел тарихын жазу өзге қырынан қолға алынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Кеңестік Қазақстан тарихын зерделеуге қатысты ұсыныстар жасады. ХХ ғасырдың бас кезіндегі «Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиістілігін» атап өтті. Сондай-ақ, 1921–1922 жылдардағы ашаршылық тарихын Отан тарихының «ақтаңдақ беттерінің біріне жатқызып, әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келетіндігіне» назар аударды. Тарихнамадағы «ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайымның» орын алмай келе жатқанын көлденең тартты. Президент ғылыми қауымды «Ала-құла деректердің және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастардың қоғамды адастыратындығын ескертті. Осындай олқылықтың орнын толтыру үшін «тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу, баға беру» қажеттілігі турасында тарихшыларға міндет жүктелді. Бұл мәселені зерттеудің бағыттарын да айқындап берді. «Біз бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Жалпы, тарихи зерттеулерді ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізген дұрыс» деген тұжырымы осының дәлелі. 

Нәтижесінде тарихшыларға зор міндет жүктелді. Қазіргі уақытта жеті томдық Қазақстан тарихын дайындау ісі қарқынды жүруде. Кітапты «Тарих және этнология институтының бала-шағасы» жазып жатыр» деген қауесетті таратып жүргендер де баршылық. Алайда бұл – жалған. Ұжымдық зерттеуді дайындауға Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтымен қатар республиканың түрлі жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелердің ғалымдары тартылды. Бұл іске мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жетекшілік етуде. Көптомдық академиялық басылымды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басып шығару жоспарланған. 

Жеті томдық «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихының» алтыншы томы кеңестік Қазақстан тарихы деп аталады. Томда кеңестік кезеңдегі тарихи оқиғалар мен үдерістерін хронологиялық, ғылыми тұрғыда, өзара сабақтастықта қарастырылды, мемлекет пен қоғам өміріндегі өзгерістер тарихи шындық тұрғысында баяндалды.Алтыншы томның мерзімдік шегі 1917-1991 жылдар аралығын қамтиды, яғни 1917 жылғы революциялар кезіндегі қазақ қоғамындағы оқиғалардан басталып, 1991 жылғы кеңестік жүйенің күйреуімен аяқталады. 

Томның құрылымы күрделі әрі тартымды. Алдыңғы басылымдарда көтерілмеген оқиғалар баяндалады. Басты ерекшелігі – Қазақстан ХХ ғасырдың басындағы революциялар ауқымында патшалық биліктің қазақ жеріндегі отарлық саясатының дағдарысы, азаттық қозғалыстың жаңа қарқын алуы мәселелері тың тарихи таным негізінде қарастырылуда. Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы, азамат соғысының әскери қимылдарындағы өлке, Түркістан автономиясының құрылуы, Алашорданың большевиктік билікке қарсылығы тың архив құжаттары мен материалдарын сыни көзқараста талданды. Алаш партиясы мен Алашорда үкіметі әлемдік азаттық қозғалыстар ауқымында зерттеу тек ғылым үшін ғана емес, тәуелсіз мемлекеттің болашақ дамуы үшін де аса маңызды. Алаштың большевиктер партиясы ұстанымына және Алашорданың кеңестік автономияға балама болған сипаты кемел келешекке, оның тарихын жаңа қырынан тануға жол ашады. Ұлттық бірегейлігі, дербестігі, мемлекеттің біртұтастығы үшін күрескен ұлт зиялыларының азаттық күресі тәуелсіздікті құндылықтардың бастысы ретінде қастерлеуге үйретеді. 

Қазан революциясы және Қазақстанда кеңестік биліктің орнауы және азамат соғысы, соның барысындағы «әскери коммунизм» саясаты өлке экономикасын құлдыратып, ашаршылыққа әкеліп тіреді. 1921-1922 жылдардағы ашаршылық тарихын зерттеу тың деректер бойынша жүргізіліп, себептері мен зардаптары тарихи шынайылық тұрғысынан ашылды. Бұл оқиғаның ақиқатын ашу маңызды, өйткені қазіргі әлем мен халықаралық қауымдастық зерттеушілерден бұрынғы КСРО тәуелсіз мемлекеттерінің тарихы бойынша жаңа ғылыми-зерттеулер күтуде. 

Ғылымда ұзақ жыл бойы Қазақстанда ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру күштеп ұжымдастырумен алмастыру арқылы зерделеніп келді. Дегенмен, большевиктердің қате тактикасының барысында орын алған нәубетті зорлап отырықшыландыру ауқымында зерттеудің уақыты әлдеқашан жеткен. Осы орайда қазақ шаруаларының большевиктердің зорлықшыл саясатына қарсы көтерілістері және аш босқындардың тағдыры тың деректер негізінде ғана емес, азалы ақиқатты терең ой зердесінен өткізу, ұлттық мүдде тұрғысынан зерттеліп, түсіндірілді. 

Өз кезегінде сталиндік индустрияландыру деп аталған Қазақстан экономикасын модернизациялаудың тарихын таразылауда орталықтың өндірістік жоспарларындағы республиканың әлеуеті басты назарға алынды. Қазақстандағы индустрияландырудың ерекшеліктері және зардаптары ашылды. Алғашқы бесжылдықтар жоспарының орындалуы және еңбек ресурстары сыни тұрғыда талданды. 

Қазақстандағы «үлкен террордың» алғышарттары мен зардаптарын көрсетуге де тән болды. Республикадағы «ГУЛАГ» жүйесі, тұтқындарының жаназабы құпиясыздандырылған архив құжаттары негізінде зерделеніп, бұрын-соңды жасырын қырлары ашылып, отандық тарих ғылымында орын алған тұжырымдар бекітілді. Сонымен қатар соңғы уақыттарға дейін түрлі жағымды, жағымсыз баға беріліп келген «Түркістан легионының» ақиқаты тың архив құжаттары бойынша ашылды. Қазақстан аумағындағы неміс әскери басшылығының дұшпандық және диверсиялық қимылдары тұңғыш рет көпшілік оқырманға ұсынылды. Өлкеге түрлі халық өкілдерін депортациялау тың деректер арқылы, көпұлтты Қазақстан халқының этникалық құрамының күрделенуі тұрғысынан тереңірек зерттелді. Қазақстан тарихындағы соғыстан кейінгі кезең сабақтаса қабылданып, салдары құрдымға кеткен реформалардың толы және сәтсіз мәлімдемелердің, саяси қуғын-сүргіннің жандану уақыты түрінде түсіндірілді. 

Қазақстан экономикасын дамытудың кеңестік стратегиясының бір көрінісі КСРО-ның жанталаса қарулану саясатының ауқымындағы өлкеде Семей атом полигонының, Байқоңыр космодромының, Сарышаған әскери-өнеркәсіптік кешенінің құрылуы болды. Әскери нысандардың қызметі қазақ даласының экологиялық ахуалына кері әсерін тигізді. Авторлар осы мәселелерді ұлттық мүдде және тарихи шынайылық негізінде талдады. «Кемелденген социализм» жағдайында қоғамдық-саяси өмірдегі сөз бен істің алшақтығы, идеологиялық үгіт-насихат декларациялары мен әлеуметтік күнделікті шындық арасындағы айырмашылықтардың өсуі тұңғыш рет қарастырылды. 

Бұдан өзге де көптеген тың мәселелер басылымнан көрініс тапты. 

Тарихты қайта қарау, тың зерттеу ұстанымдарын басшылыққа алу назардан тыс қалмаған. Кеңестік кезеңде тарихшылардың әлемдік зерттеу бағыттары мен тұжырымдамаларынан тысқары қалғандары белгілі. Ендігі кезекте сондай теориялар, бағыттар мен әдістер Кеңестік Қазақстан тарихын жазуда қолданылды. Сол себепті басылымды жаңа, заманауи талаптарға сәйкес келетін, Кеңестік Қазақстанның өткені шынайы баяндалатын зерттеу десек, артық айтқандық емес. Кеңестік Қазақ тарихына арналған академиялық басылым бүгінгі күнге дейін үстірт зерттелген, шынайылығы толық ашылмаған, өз шешімін таппай келе жатқан мәселелерді жан-жақты талдап, Қазақ елінің біртұтас тарихын толықтай қайта жаңғыртуға өз септігін тигізді деуге болады. 

Қазіргі уақытта басылым мәтіндерін дайындау жұмыстары аяқталып, Ұлттық аударма орталығына ұсынылды. Басылымның форматын, аудару, техникалық ресімдеу және бейнелеу мәселелерімен Ұлттық аударма орталығы айналысуда. Бүкіл дүниежүзі қауымына ұсынылмақшы кітаптар арқылы Қазақстанның мәртебесі мен беделінің еселенетіндігі ескерілуде. Біраз уақыттардан соң басылым ғылыми қауымның назарына ұсынылып, талданып, өз бағасын алмақшы. Басылымның жақсы баға алатындығы, ғылыми қауымның қолдайтындығы күмән тудырмайды. 

Оразгүл МҰХАТОВА,
тарих ғылымдарының докторы, 
профессор, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері

Фото: almaty.tv