БИБАҚАНДА СУ ЖҮЙЕСІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Уақыты: 30.08.2024
Оқылды: 395
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚР Конституциясы күні мерекесін Алакөл ауданы, Бибақан ауылының тұрғындары қуанышты жаңалықпен қарсы алды.  Көптен күткен заманауи су құбыры іске қосылып, ауылға таза әрі жаңа ауыз су жүйесі пайдалануға берілді. 
«Су - тіршілік көзі, жердің нәрі» деген дана халқымыз. Бүгінде, Мемлекет басшысының 2025 жылы Қазақстан халқын 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету тапсырмасын іске асыру мақсатында аудан бойынша 56 елді-мекеннің 48-і ауыз сумен қамтамасыз етілген. Биылғы жылы Көктұма, Теректі, Тоқжайлау, Екпінді ауылдарында ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін елді-мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткішін 90 пайызға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. 
Ауыз судың ауылда қолжетімді болып, аулаға дейін кіргеніне тұрғындар дән риза. Оны халықтың жылы пікірі мен алғысқа толы сөзінен байқауға болады.

 

«Бұрын сонды ауылымызда орталықтандырылған ауыз су жүйесі мүлдем болмаған. Суды ауламызда тұрған тұмадан алатынбыз. Бақша суарып, суды көп алсақ таусылып қалатын. Сосын аздап, үнемдеп қолдануға мәжбүр болдық. Су аздығынан бау-бақшамыз да жайқалып өспеді. Биыл міне ауылға таза су берілді. Су таза, әрі жұмсақ. Судың берілу екпіні де қатты. Жақсы болды. Осындай тұрмыстық жағдайларымыз түзеліп жатса қандай жақсы, - дейді ауыл тұрғыны Қапиза Хамитова. 


Жүз елуден астам тұрғыны бар  Бибақан ауылындағы ауыз су жүйесінің құрылысы жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен 245 млн. теңге қаражат бөлініп, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің тапсырысы негізінде мердігер «Алакөл Асыл Құрылыс» ЖШС-гі сапалы аяқтады. Жалпы ұзындығы 6 шақырымды құрайтын су жүйесінің бір ерекшелігі – төтенше жағдайларды, өрт қауіпсіздігін алдын-алу мақсатында 18 текше метрді құрайтын 6 өрт сөндіру резервуары қарастырылған. 
Сапақ ауылдық округі, Бибақан ауылында 13 абонент орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды.

Айдар ҚАЛИЕВ

Фото: technology.nasa.gov