"АҚ ЖОЛ!" ЖҮЗЖЫЛДЫҚ КОЛЛЕДЖ КЕЗЕКТІ ТҮЛЕКТЕРІН ҰШЫРДЫ

Уақыты: 05.03.2020
Оқылды: 1058
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талғар агробизнес және менеджмент колледжінде төрт жыл оқыған студенттер диплом алып, қуанышқа бөленді.

Жүз жылдық тарихы бар білім шаңырағының аграрлық саланы дамуға қосып отырған үлесі зор. Аталған колледжде жерге орналастыру, технолог, ауылшаруашылығын механикаландыру және автоматтандыру, көліктерге техникалық қызмет көрсету мамандықтары бойынша білім алып, тәжірибесін шыңдаған 167 студент үлкен өмірге қанат қақты.

Салтанатты шарада Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің директоры, академик Жақсылық Сатылғанов түлектер қуанышымен құттықтады.

- Кәсіби маман атанып, келешекке самғаған студенттеріміздің келешегі жарқын болсын! Білімді, білікті маманның қай кезде де қоғам дамуына қосар үлесі зор. Алда үлкен өмір есігі ашылды. Бұдан әрі де білім алуға, еңбек етуге мүмкіндік зор. Сондықтан, жолдарыңыз болсын. Ақ жол, - деген колледж басшысы бұл орайда білім беріп, оқытқан ұстаздар мен қамқор болған ата-аналарына жүрекжарды алғысын білдірді.

Айтулы шараға ат арылтып келген ардагер ұстаз Серікбай Бейсенов бастаған бірқатар мейман ақ тілектерін атқарды.

- Өмірде шығар тауларың биік болсын. Академик басшылық жасайтын білім шаңырағының түлектері қашанда жоғары белестерден көрінетіндіктеріне сенімдімін. Сондай-ақ, бүгінгі диплом иелері ауылшаруашылық саласының мықты маманы атанады деген ойдамын, - деді Талғар медициналық колледжінің директоры Бағжан Құдабаев.

Жастар жүрегін тебіренткен айтулы күнде әдемі ән шырқалып, мың бұрала би биленді. Қолдарына дипломын алған жастардың жүздері бал-бұл жанып, қуанышқа кенелді.

"Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар, қалан", - деп хакім Абай жырлағандай, үлкен өмірдің кетігіне кірпіш боп қаланар жалынды жастарымызға ақ жол тілейміз.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы,

Алматы облысы