"САҚАДАЙ-САЙ": КӨКТЕМГІ СУ ТАСҚЫНЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 06.03.2020
Оқылды: 1252
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Аудан көлемінде 2020 жылғы су тасқыны сияқты төтенше жағдайларды жою тақырыбында «Көктем – 2020» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді.

Осынау маңызы зор шараға қала, ауылдық округ әкімдері, аудандағы мекеме, бөлім басшыларының арнайы жасағы қатысты. Оқу-жаттығуға барлығы 38 техника, 110 адам жұмылдырылды.

Аталған іс-шараның мақсаты  –  көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою. Осы орайда Үштөбе – Талдықорған тас жолы бойындағы «Мұнай-дос» жанар-жағармай бекетінің алаңында командалық-штабтық оқу жаттығуының саптық жиыны өтті.

Қаратал ауданы әкімі Қайрат Бұлдыбаев алаңға тізілген техникалар мен төтенше жағдайларға арналған құрал-жабдықтардың дайындығын тексеріп, көктемгі су тасқынына әзірлік барысына көз жеткізді. Оқу-жаттығу жиыны барысында төтенше жағдай қызметкерлері Үштөбе қаласына су келетін арықтың жағалауын бекітті. Себебі, көктем мезгілінде арна кемерінен асып, жолдың бойын су алып кететін. Ауыр жүк көліктері канал маңына тонналап құм әкеп төксе, эксковаторлар әкелінген топырақпен жағаны бітеу жұмыстарын жүргізді. Жаттығуда төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша дайындық жұмыстары пысықталды.  

– Мұндай оқу-жаттығу жиындары жыл сайын жоспар бойынша өткізіліп тұрады. Ауданда төтенше жағдайлардың алдын алу шараларына дайындық жүргізіледі. Осы арқылы дайындықты пысықтаймыз. Бүгін қызметкерлеріміз өз істерін атқаруда жеделдік танытып, техникалық жарақтарымыздың жарамды екенін көрсетті. Оқыс жағдай бола қалған жағдайда, дер кезінде сақадай-сай дайын болуымыз қажет. Оқу-жаттығу өз дәрежесінде өткізілді, – дейді аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім басшысы Айдар Шәріпбай.

Асхат ӨМІРБАЕВ

Қаратал ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды