"ӘЙЕЛГЕ БАЙЛАНЫСТЫ": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ АРУЛАРДЫ МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 07.03.2020
Оқылды: 1415
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен барша жетісулық нәзік жанды құттықтап, ізгі тілегін арнады. Толық мәтіні төмендегідей:

Ардақты аналар, аяулы арулар! Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Көктемнің лебімен, күннің шуағымен ілесе жеткен осы мерейлі мерекенің бәріміз үшін орны айрықша.

Ананың даналығы, аялы алақаны мен жүрек мейірімі – күллі әлемді ұстап тұрған ерекше құдірет. Табиғаттағы көктем мезгілі мен адамзаттағы ананың тіршілікке жан бітірер жайдарман қасиетінде ұлылық бар деуге әбден болады. Оған қоса бұл мереке – сұлулық пен нәзіктіктің, әдемілік пен әсемдіктің символы іспеттес.

Әйел жаратылысынан нәзік болғанымен үйде де, түзде де зор жауапкершілікті абыроймен атқарып, бүгінде қоғамның ең белсенді мүшесіне айналды. Ол – ардақты ана, аяулы жар, білгір маман, білікті басшы. Шаңырақтың шаттығы, үйдің берекесі, ұрпақтың тәлім-тәрбиесі, қоғамның татулығы да ең алдымен әйелге байланысты. Бұл ретте Жетісу өңіріндегі нәзік жандардың да еңбегі ерен. Сондықтан, сіздер, қандай құрметке де лайықсыздар.

Ардақты анаға, аяулы жарға, әпке-қарындастарымызға, қыздарымызға қамқорлық жасау, сол арқылы қоғамға қамқор болу – біздің басты парызымыз.

Осынау мерейлі шақта сіздерге мықты денсаулық, толайым табыс, еңбекте жеміс, отбасында мол бақыт тілеймін! Жүздеріңіз нұрға, жүректеріңіз мейірімге толып, ғұмырдың барлық игіліктеріне кенеле беріңіздер!

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні құтты болсын!

Амандық БАТАЛОВ,

Алматы облысының әкімі