"ЖАҢАРТЫЛАДЫ": ГАЗЕТТЕ КӨТЕРІЛГЕН МӘСЕЛЕГЕ ӘКІМДІК ЖАУАП БЕРДІ

Уақыты: 26.04.2020
Оқылды: 833
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Осыдан екі күн бұрын "Жетісу" газетінің редакциясына Үйтас саяжайының тұрғындары хабарласып, сәресі уақытында электр жарығы сөніп қалатынын жеткізген еді. Тұрғындар электр жарығымен бірге жол, су сияқты өзге де өзекті мәселелерді газет тілшісіне жайып салған болатын. Газет пен www.7-su.kz сайтында көтерілген мәселеге байланысты Талдықорған қаласы әкімдігі түсініктеме берді.

"Талдықорған қаласының аудандық электр торабының (ТК РЭС) ақпаратына сәйкес, 24.04.2020 жылы Үйтас саяжайының электр желісінде ақау орын алып, 5 изолятор және 1 дана RLND (ТП қосып, өшіру) құрылғылары істен шықты және қалпына келтірілді. «Үйтас» саяжай қоғамдастығының төрағасы Людмила Расуловна бұл мәселеден хабардар.

Әкімдіктің мәлімдеуінше, «Үйтас» саяжайының электр желілерінің тозығы жеткен. Осыған орай, саяжай тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында «Талдықорған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі» ММ-мен «Талдықорған қаласы, Үйтас саяжайы елдімекенінің коммуналдық электр желілерін реконструкциялау» жобасы әзірленіп, сараптамадан оң қорытынды алынды.

Жобалаушы мекеме - «Талдықорған-Архитектура». Жоба аясында 60,1 шақырым желі жүргізіліп, 12 дана КТПН жаңартылатын болады.

Қазіргі таңда аталған жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында қаражат бөлініп, «ПСК-ГрадЦентр» ЖШС-мен келісімшарт әзірленуде.

Ауызсу мәселесі бойынша, «КиікбайСтройСервис» ЖШС-мен «Талдықорған қаласы, «Үйтас» іргелес елді мекенінде сумен қамту жүйесінің құрылысы» жобасы аясында құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Нысан 2019 жылдан өтпелі. Жоба мен жүйенің жалпы ұзындығы 43,34 шақырымды құрайды, оның 30,4 шақырымы орындалды. Жобаның қолданысқа беру мерзімі ағымдағы жылдың (2020) қыркүйек айы деп жоспарланған", - делінген Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған хабарламада.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды