Облыс әкімі Бейбіт Исабаев ҚХР Іле – Қазақ автономдық округі делегациясымен кездесу өткізді. Басқосуда екіжақты инвестициялық, экономикалық іскерлік қарым-қатынастар талқыланды.
Шара барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев сөз алып, Жетісудың инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды.
– 17-18 қазанда Бейжің, Үрімші қалаларында «Бір белдеу, бір жол» атты ІІІ Халықаралық ынтымақтастық форумы өтті. Осы форум аясында екі ел арасындағы инвестицияларды өзара қорғау мен көтермелеу, Қазақстан-Қытай шегарасындағы өткізу пункттерінің қабілетін бірлесіп ұлғайту мәселелері талқыланды. Сол сияқты, осы жылдың мамыр айында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға ресми сапары кезінде қытайлық туристер үшін визасыз режим туралы келісімге қол қойды. 10 қарашадан бастап қытайлық туристер Қазақстанға визасыз 30 күнге келе алады. Бұл өз кезегінде қытайлық туристер үшін ең тартымды бағыттардың бірі. Жетісу облысы – инвестициялық мүмкіндігі зор аймақ. Аймақта 5 стратегиялық бағыт бойынша жаңа инвесторлар тарту, өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, бұл бағытта агроөнеркәсіп кешенін дамыту, көлік және логистика, туризм, баламалы энергетика және өнеркәсіп, оның ішінде жер қойнауын пайдалануды дамыту салалары бар, – дей келе ынтымақтастықты дамыту үшін Қытай компанияларын өңіріміздің экономикасына инвестиция салуға шақырды.
Аймақ басшысы бұдан кейін ең басты перспективалы бағытымыз – өңірдің транзиттік әлеуеті екенін, яғни, Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдайтын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансқұрлықтық автомобиль жол дәлізі біздің аймақ арқылы өтетінін жеткізді. Сонымен қатар, екі елдің бірлесіп атқаратын жобаларын да айтып өтті.
Бүгінде ірі инвестициялық жоба – «Қазақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіптік қаласы» іске асырылуда. Бекітілген кестеге сәйкес 200 гектар аумақта жерді тегістеу жұмыстары жүріп жатыр. Қазір құрылыс алаңында 22 бірлік техника мен 35 адам жұмыс істеуде. Қытайдан қосымша 24 бірлік техника келуі тиіс, оның үшеуі Қорғас қаласына (ҚХР) жеткізілді. Қалған 21 техника жыл соңына дейін әкелінеді деп күтілуде. Жобаның негізгі құрылыс жұмыстары 2024 жылдың наурыз айында басталмақ.
Алдағы уақытта Талдықорған қаласында «Гуандун Сучун Қоршаған ортаны қорғау технологиясы» компаниясы тұрмыстық, құрылыс және химиялық қалдықтарды терең және кешенді қайта өңдеу жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Өз кезегінде сөз алған Іле-Қазақ автономды округі губернаторы Ершат Тұрсынбай:
«Төраға Си Цзиньпин мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа тарауы ашылып, тұрақты, жан-жақты стратегиялық әріптестікке дейін өсті. Қазақта «Достық – ешқашан таусылмайтын шексіз байлық» дейді. Осы достық, көршілік ниетпен біз «Бір белдеу, бір жол» бастамасын орындау үшін барымызды саламыз», – деді.
Шара барысында облыс басшысы Іле-Қазақ автономды округі губернаторына «шегарадағы тексеру пунктін алып тастасақ, Қытайдағындай ауылшаруашылығы өнімдерін қабылдайтын зертханалық цехты Қазақстанға салсақ» деген ұсыныс айтты. Сондай-ақ, жүгері экспортын дамытып, зауыт салсақ деген пікір білдірді.
– Біз жүгеріні тек астық ретінде ғана емес, дәрі-дәрмек ретінде де пайдаланамыз. Сондықтан, баға мен сапа тиімді болса алдағы уақытта қарастыруға болады, – деді Ершат Тұрсынбай.
Сонымен қатар, Іле мен Жетісу облысы арасындағы ауылшаруашылығы ынтымақтастығы мен байланыс тетігін құру, туристік қызмет сапасын арттыру үшін маршрутты көбейту, шегарадан өту уақытын қысқарту мақсатында жолаушылар үшін жасыл дәліз орнату жөніндегі ұсынысын жеткізді.
Жиын соңында аймақ басшысы облысымызды дамытуға атсалысатын, тарихи, көрікті жерлерімізді түрлендіретін инвесторларға қолдау білдіретінін айтты.
Айдар ҚАЛИЕВ
Фото: Д. ЕРОФЕЕВ