ЖАНУАРЛАРДЫ ҰРЫҚТАНДЫРУ МАМАНДЫҒЫН ОҚЫТАДЫ

Уақыты: 30.01.2018
Оқылды: 1446
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасы қысқа мерзімді кәсіптік оқытудың қорытындысын шығарды. Олардың есебінше, өткен жылы облыста 300-ден астам адам жаңа мамандыққа ие болған. Олардың тең жартысы тұрақты жұмыспен қамтылған.

Аталған курс 2017 – 2021 жылдарға арналған «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында өтті. Оқыту алғаш рет кәсіпкерлер палатасындағы оқу орталықтары реестріне енген кәсіпорын негізіндегі оқу алаңында ұйымдастырылды. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің сарапшысы Ардақ Қашқарова: "Өткен жылы мемлекет тарапынан бизнес өкілдері үшін үлкен мүмкіндік жасалды. Кәсіпкерлер мемлекет есебінен кәсіпорындарына қажетті кадрлар дайындай бастады. «ТАТЭК» АҚ, «Қайнар АКБ» ЖШС,  «Байсерке-Агро» ЖШС, «Кнауф Гипс Капшагай» ЖШС, тағы да басқа кәсіпорындар негізінде 7 оқу орталығы құрылды. Онда 314 жұмыссызға кәсіптік оқуға жолдама берілді, оның 156-сы жұмыспен қамтылды», – деді.

Жұмыссыз тұрғындар электромонтер, сылақшы, қаңқа-көмкермелерді монтаждаушы, аккумуляторшы, жануарларды мал дәрігерлік тексеру, жануарларды ұрықтандыру маманы, машиналық сауу, жемдерді дайындау жөніндегі оператор және басқа мамандықтар бойынша бір айдан алты айға дейін білім алды. Оқу сабақтарын кәсіпорынның және  оқу ұйымдарының мамандары жүргізді.

Биыл мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыссыздарға арналған қысқа мерзімді оқытуды ұйымдастыру мақсатында 13 оқу орталығын құру мен 500 азаматты оқыту жоспарланып отыр.

Қажет АНДАС