Микроқаржы ұйымдарының қызметі қатаң қадағалануда

Уақыты: 07.06.2024
Оқылды: 384
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Агенттік микрокредит беру субъектілерінің қызметіне тұрақты түрде тексеру жүргізіп тұрады. Мәселен, 2023 - жылы 370 тексеру жүргізілді, оның қорытындысы бойынша 198 қадағалау шарасы шығарылды, 155 млн теңге сомасына 529 айыппұл салынды. Алғаш рет БЖК есептеу талаптарын сақтау мәселесі бойынша сектордың несие портфелінің 93%-ын құрайтын 77 МҚҰ-ға тақырыптық тексерулер жүргізілді. Бұл жайлы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов ОКҚ алаңында хабарлады.

«МҚҰ-ның негізгі бұзушылықтарының ішінде 60 күн кешіктірген кезде микрокредиттер беруді, есептеу талаптарын бұзуды, кредиттік бюроға ақпаратты уақтылы ұсынбауды және сыйақының шекті мөлшерлемесінен асып кету бар. Қадағалау қызметінің қорытындысы бойынша 88 микрокредит беру субъектісі, оның ішінде 16-сы мәжбүрлі түрде лицензиясынан айырылды», – деді спикер. 

Микроқаржыландыру секторында кредит беру көлемін арттыру тәуекелдерді басқару маңыздылығы күшейтілді. МҚҰ-да тәуекелдерді басқарудың барабар жүйесін құру ұйымның тиімді жұмыс істеуіне, көрсетілетін қызметтер сапасын және микрокредит беру қызметтері тұтынушыларының, сондай-ақ өзге де мүдделі адамдардың мүдделерін қорғауды арттыруға ықпал етеді. Бұл жиынтықта МҚҰ-ның қаржылық орнықтылығы мен оның нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі деңгейін арттырады.

«Сондықтан қазіргі уақытта реттеуші микроқаржылық қызметтің ерекшеліктерін ескере отырып, банк секторы мен сақтандыру секторына ұқсас түрде МҚҰ-дағы тәуекелдерді басқару жүйесіне және корпоративтік басқаруға қойылатын талаптарды белгілеу бойынша заңнамалық түзетулер әзірлеуде. Сондай-ақ реттеуші МҚҰ-ның тәуекел-бейінін айқындау бойынша қадағалау моделін әзірлеуді жоспарлап отыр. Аталған модельді пайдалану МҚҰ тап болатын тәуекелдердің бейіндеріне кезең-кезеңімен бағалау жүргізуге мүмкіндік беріп, соның қорытындысы бойынша қадағалау іс-шараларының бағыты айқындалатын болады», – деді ведомство өкілі. 

Бұдан бөлек, табысты халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, Агенттік микроқаржылық қызмет саласында өзін-өзі реттеу институтын енгізуді дұрыс деп санайды. Бұл жаңалықтың негізгі мақсаты нарық субъектілерінің өзін-өзі реттеуін,  икемділігін және сыртқы, сондай-ақ ішкі факторларға бейімділігін арттыру арқылы олардың бәсекеге қабілеттілігі деңгейін күшейту болып табылады, нәтижесінде бұл қаржылық қызмет нарығына қатысушылардың өз тұтынушыларына көрсететін қызметтерінің сапасында көрінетін болады. Қазіргі уақытта Агенттік микроқаржыландыру субъектілерінің өзін-өзі реттеу ұйымдарын (ӨРҰ) енгізуге дайындығын айқындау бойынша жұмыс жүргізуде.

Фото: unigroup.kiev.ua