Ауылды дамытудың тиімді жолы

Уақыты: 10.06.2024
Оқылды: 292
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, халықты тұрақты табыс көзімен қамту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты мақсат.

Соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламалардың арқасында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, ел жағдайын жақсартуға жол ашылуда. Мәселен, «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімділігін күреңбелдіктер де сезіне бастаған. Осы жоба шеңберінде «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» өңірлік даму институты» АҚ арқылы мал шаруашылығы және басқа да бағыттар бойынша 25 адамның құжаты өткен. 

Ал өткен жылы аталмыш жоба аясында 52 адамның несиесі мақұлданып, 271 млн. 552 мың теңге бөлінген. Қазіргі таңда олардың 48-і мал шаруашылығы, қалғаны басқа бағытта жұмыстарын жандандырып, кәсіптерін дөңгелентіп отыр. Маңызды науқан саналатын көктемгі дала жұмыстарына несие беру, ауылшаруашылығына қажет техникаларға лизинг арқылы қол жеткізу «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ бағдарламалары шеңберінде жүзеге асырылуда. 

«Агробизнес» бағдарламасы бойынша орындалып жатқан жұмыстар да аз емес. Аудан әкімі Қанат Есеболатовтың айтуынша, осы бағдарлама аясында 15 адамға 313 млн. теңге мақұлданып, 41 млн. теңге қаражат қарастырылу үстінде екен. Жыл басынан лизингке 17 ауылшаруашылығы жұмыстарын атқаратын техника сатып алынған. Оның ішінде трактор, жол құрылысын жүргізетін техника түрлері бар. Машина-трактор паркін жаңарту мақсатында былтыр да бірнеше техникаға қол жеткізіліпті. 

Көктемгі егіс пен күзгі егін жинауды несиелейтін «Кең дала» бағдарламасының егін шаруашылығымен айналысушылар үшін маңызы зор. Осы жылдың сәуір айынан бастап «Кең дала – 2» бағдарламасы жұмысын бастаған болатын. Осының шеңберінде өңірде 210 млн. 676 мың теңгеге13 шаруа қожалығы өтінім берген. Жергілікті жұртшылықтың әл-ауқатын көтеруде басқа да жоба-жоспарлар мен бағдарламалар жүзеге асып, оң нәтижесін көрсетуде. 

Айгүл Байжұмақызы
Кербұлақ ауданы
Фото: gov.kz