ҰЛТТЫҚ ТАҒАМДАР ҰСЫНАДЫ

Уақыты: 11.06.2024
Оқылды: 341
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жаркенттік кәсіпкер Ермек Азнабакиев осыдан бес жыл бұрын Өсек өзенінің жағалауынан 15 гектар жайылымдық жер алып, ірі қара, жылқы өсіре бастады. Қазір малының саны өсіп, ірі қарасы 200-ге, жылқысы 60 басқа жетті. Қорасында бордақылап отырған қойы да бар. Негізгі мақсаты – мал бордақылап, жылқы сауып, өзен жағасындағы тоғайлы жасыл алқапқа киіз үйлер тігіп, қонақтар мен аудан тұрғындарына қазақтың ұлттық тағамдарын ұсыну.


Ермектің жары Жұлдыздың негізгі мамандығы сүт өнімдерін ұқсатушы технолог. Сондықтан қазақтың тіл үйіретін ұлттық тағамдарының төресі құрт, май, ірімшік, қымыз, саумалмен бірге қонақтарына қуырдақ, ет, нарын, қозы етінен пісірілетін сірне, тұтынушыларының тілегіне орай тағы басқа тағам түрлерін сапалы дайындауға мүмкіндіктері мол. 

Жеке шаруа қожалығының басшысы Жұлдыздың есіміне байланысты «Жұлдыз» деп аталған бұл қожалық биыл меншігіндегі биелерінің жаппай құлындауына байланысты қымыз өндіре бастады. Бие сауып, қымыз баптау Жаркент қаласында ұзақ жылдардан бері осы саланы кәсіп еткен Нұргелді Насыровқа тапсырылды. Нұргелді жылқы жайын жетік біледі. Ол бұдан бұрын да үйінде қос-қосынан сауын биелерін бағып, Жаркент қаласының тұрғындарына саумал, қымыз саудалауды кәсіп еткен. Нұргелді өзіне «Жұлдыз» ЖШҚ тиімді ұсыныс жасаған соң қолына қолайлы үйреншікті кәсібін осы қожалықта жалғастыруға бел буды.

Жылқының жаңа сауылған сүтінің денсаулыққа аса пайдалы екенін білетін жаркенттіктер қала іргесінен ашылған қымызхананың қызметіне көптеп жүгінді. Қазір күнделікті таңғы сағат 6:00-ден бастап, күні бойғы биенің бес сауымына келіп саумал ішетіндердің аяғы үзілмейді. Той, нәзірге тапсырыс беретін қымыз алушылар да аз емес. Бағасын басқалар сияқты тым асқақтатпай, қарапайым халыққа қолжетімді деңгейде белгілеген қожалық қызметі берекелі болсын дейміз. 

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы