АЙТЫП КЕЛМЕС АПАТҚА ҚАУҚАР ҚАНДАЙ?

Уақыты: 11.06.2024
Оқылды: 296
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Қауіп қайдан демеңіз, тау астында». Бабалар сөзін сәл өзгерткеннің сөкеттігі бола қоймас. Өзгертуге тура келіп тұрған жай бар. Қазақстан елдігін екшегелі талай қауіпті көрді. Талай апатты еңсерді. Бірақ, 2024 жыл басталғалы шын үрейдің қалай болмағын бастан өткеріп келеміз. Кез келген апаттың алдын алуға болады. Су тасқыны, өрт, техногендік апаттарды қам қылса дүлей күшке айналдырмай қаупін сейілтуге мүмкіндік бар. Осы тілсіз жауларға қарағанда зілзаланың алдын алу да, қаупін мөлшерлеп, дөп жоспарлау да мүмкін емес. Дейтұрғанмен, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мемлекеттің саясаты басым. Жер дүмпуі болуы ықтимал аймақтардың тұрғындарына ақпарат тарату, құрылымдық күштердің даярлығын пысықтау сол саясаттың өзегі. Сол мақсатта Шығыс Қазақстан облысы аумағында «Жер-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өтті. Екі күнге созылған шарада Зайсан қаласындағы күштік құрылымдардың қам мен қарекеті турасында жазған «Шығыстың апаттық қалқаны» атаулы мақаламыз жарық көрді. Енді Өскемен қаласындағы жайды оқырманға жолдап отырмыз. 


Жер сілкінісі тілсіз һәм үнсіз жау. Жыл басталғалы зілзала әлсін-әлсін бой көрсетіп, таулы аймақтарда сес көрсетіп қойды. Оның қайдан және қалай мойын қылтитарын ешкім болжап білмейді. Өйтетұғын жөні бар. Жер астындағы тектоникалық тақталардың қозғалысын анықтауға адамзат әлі де қауқарсыз. Содан болар, алпауыт елдер апатқа қарсылық танытуға емес, сол апаттың ыңғайына сай өмір сүреді. Жапония сейсмикалық төзімді, 6-7 балдық сілкіністе мыңқ етпейтін ғимараттар салса, АҚШ зілзалаға төтеп беретін құрылыс материалдарын шығаруда. Ал бізде ше? Біздің қауқарымыз қандай? Қазақстанда да құрылыс қарқынды. Анау айтқандай, 100-150 қабатты ғимараттар салмасақ та сәулеті келіскендерін әрбір аймақта орналастырып жатырмыз. Бірақ, елдігімізді айшықтағаннан бері жер дүмпуі Зайсан мен Тарбағатай маңында ғана шығын келтірді. Енді ондай апат орын алмасын деп тілейік. 

«Жер–2024» оқу-жаттығуының үйлестіру жөніндегі республикалық штабы Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында орналасты. Штаб зілзала уақытында қажетті барлық техникамен қамтылған. Төтеншеліктер, әскерилер, дәрігерлер, тәртіп сақшылары, еріктілер, әкімдік қызметкерлері, мектеп оқытушылары, тіпті, электрмен жабдықтаушы мекемелердің де қызметкерлері жұмылдырылған. Бас штабтан шартты жойқын сілкінісі кезіндегі күштік құрылымдардың жұмысы бағдарланды. Оқу-жаттығу барысына ҚР Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Ерлан Нұрпейісов басшылық етті. Тағы да айтайық, бетін аулақ қылсын, Өскемен қаласындағы 8-9 балдық жер сілкінісі орын алғаннан кейінгі құтқару жұмыстары пысықталды. 

Әуелі облыс аумағында сиреналар дабылы қосылды. Нәтижесінде тұрғындар тұрғын үйлер мен ғимараттардан шығып, уақытша эвакуациялық жинақтау пункттеріне ағылды. №13 эвакуациялық жинақтау пункті            Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептің аумағында орналасқан. Бұл маң апат уақытында 1300 қала тұрғынына пана болады. Ш. Уәлиханов мектебінің мұғалімі Асқар Бердіқанов тұрғындарды орналастыру, оларға жан-жақты қызмет көрсетуді мойнына алған.
– Мына болып жатқан жайт тек оқу-жаттығу кезінде ғана орын алсын деген тілегім бар. Жоспарға сай №13 эвакуациялық жинақтау пункті жақын маңайдағы тұрғындарды қабылдайды. Тұрғынды тіркеуге алып, медициналық көмек көрсетіп, жатын орынмен қамтамасыз етеді. Аласапыран кезде әрбір адамның бірлесе жұмыс істеуі маңызды. Белгіленгеннен және қажетті көмек алғаннан кейін тұрғындарды жаяу колонналармен, автомобиль және су көлігімен лагерьге бағыттаймыз, – дейді Асқар Бердіқанов.

Мұнан кейін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазавиақұтқару» тікұшағы қала аумағын түгел шолып шықты. Апаттың жай-күйін, зардабын штабқа жолдады. Орталықтың нұсқауымен құтқару колонналары қаладағы қиранды астынан құтқаруға аттанды. Оқу-жаттығудың жоспарына сай әуелі құтқарушылар құрылыс материалдарының құрсауында қалған, сыртқа шығу мүмкіндігінен айырылған көпқабатты үйдің тұрғындарын құтқаруға көшті. Жаңадан бой көтерген мөлтек ауданның ғимараттары оқу-жаттығуға таптырмайтын орын екен. Өрт сөндірушілер табиғи газдың құбырынан атқылаған өртті өшіруге ұмтылса, құтқарушылар қол сатылар арқылы 13 қабатты ғимарат ішінде қалғандарды тысқа шығару үшін қабырғаларға өрмелей жөнелді. Шыны керек, қауіпсіздік белдігінсіз көпқабатты үйдің сыртынан биікке өрмелей жөнелген төтеншеліктерге сырттай тілеулес болып тұрдық. Құтқарушылар өздерімен ғимаратқа ала кірген арқандармен зардап шегушілерді төменге түсіре бастады. Жедел  жәрдем қызметкерлері алғашқы көмек көрсетіп, дереу штабқа жөнелтті. Ал ғимараттың қираған бөлігінде бетон астынан тұрғындарды іздестіруде қызметтік иттер пайдаланылды. Адамдарды анықтаған соң құтқарушылар заманауи тас тақталарды тілгілеп, арнайы техниканың көмегімен оларды уатып, астынан зардап шегушілерді дін аман алып шығып жатты. Өскемен қаласы №6 өрт сөндіру бөлімінің маманы Данияр Макиев жедел қимыл мен ширақ әрекет арқасында тұрғындардың амандығын қамтамасыз ету мүмкін екенін алға тартады.

– Апат орын алған сәтте құтқарушыларға сабырлылық таныту маңызды. Қиранды астында қандай жағдай болып жатқаны белгісіз. Бірақ, тұрғындарды аман алып шығу – басты мақсат. Оқу-жаттығу барысында барынша мүдірмеуге тырыстық. Жаңылмадық. Бірақ, мұндай апат ешқашан  орын алмасыншы,  – дейді Данияр Макиев.

Оқу-жаттығу барысында адамдарды қауіпсіз аймаққа жеткізудің барлық амалы қарастырылыпты. Арнайы көліктер мен автобустар, тікұшақ, т.б. ең қызығы, Өскемен қаласын екі өзен қиып өтеді. Апат орын алғанда көпірлер істен шығып, көлік қатынасы мүмкін болмаған жағдайда су көліктері адамдарды эвакуациялайды. Шығыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментіне қарасты моторлы қайықтар мен катерлер сақадай сай тұрды. Тіпті, дабылдан кейін бірнеше қала тұрғынын кемеге отырғызып, №13 эвакуациялық жинақтау пунктіне жеткізді.

Екі күнге созылған оқу-жаттығу еліміздің күштік құрылымдарының әлеуетін, апат кезінде қандай қауқар көрсете алатынын аңғартты. Жетісу облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Бекбосынов Зайсан, Тарбағатай аумағындағы Жетісу облысы штабының және Өскемен қаласындағы бас штабтың оқу-жаттығу кезіндегі жұмысын жоғары бағалады.

– Зайсан қаласындағы штабты құруға алдын ала дайындалдық. Ол жаққа 22 техника, 60-тан астам маман жұмылдырылды. Мамандар сапында өрт сөндірушілер, құтқарушылар, дәрігерлер, әкімдік қызметкерлері, құқық қорғау өкілдері, кинологтар, т.б. әр саланың өкілдері бар. Бұл оқу-жаттығу барысындағы жұмылдырылған күштік құрам ғана. Апат орын алса, Жетісу өңірінен 2000-ға жуық құтқарушы, 350 арнайы техника жұмылдырылады. Біздің төтеншеліктер оқу-жаттығуда жан-жақтылығын көрсетті. Жоспарлы жұмыстарды уақытында орындады, – дейді ол.

Біз көрген жайттың бәрі қойылым ғана. Алдағы уақытта да төтеншеліктер сондай қойылымда ғана қарекет етсін. Айтып келмейтін апаттардың бетін аулақ қылсын. Жер дүмпуі жұртты әбігер етпесін. Сонымен 2 күндік «Жер–2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы осылайша аяқталды.

«Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген сөз бар халық даналығында. Бірақ, бұл сөз жетісулық төтеншеліктерге жат секілді. Зайсан қаласындағы Жетісу облыстық төтенше жағдайлар департаментінің оқу-жаттығу жұмысын ақпараттандыруға «Jetіsý» мен «Вестник Жетісу» және «Жетісу» телеарнасының журналистер қосыны да барды. Айшылық алыс болмаса да  күншілік жерден лезде хабар тараттық. Оқиға орнынан лезде елге ақпарат жеткіздік. Алайда, өңірдің төтеншеліктері қаламды қару еткендерді не келдің, не кеттің демеді. Тіпті, елемеді. Елдік, мемлекетшілдік мүддені өз мүддесінен биік қоятын журналистер төтеншеліктердің «тілін тауып», оқу-жаттығудың қалай және қайда өтетінін «майдан қыл суырғандай» сұрап алуына тура келгенін де жасырмаймыз. Тек оқу-жаттығу соңында «сұхбат берсек» деген ниетпен іздегені тағы қынжылтты. Жағдай мен жайсыздыққа  қарамай  журналистер елдіктің мүддесін басты орынға қоятынын ұмытпаған абзал. 
 

Дастанбек САДЫҚ