ШАБЫНДЫҚТА ҚЫЗУ ТІРЛІК

Уақыты: 22.06.2024
Оқылды: 346
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ауылдағы жұрт қыстан қысылмаудың қамына ертеден кіріседі. Сөйтіп, техникасын сайлап, мал азығын дайындауға аттанады.


Олай етпеске шара жоқ. Ірі шаруа қожалықтарын айтпағанда, қорасында бірді-екілі ірі қарасы бар ауылдағылар қысқы отыннан бөлек жемшөбін қамдап алмаса, қыс қысқанда шаруасының шатқаяқтайтыны анық. Жаздың бір күні – жылға азық. Дәл осы сәтте саялы өңір шаруалары қысқы мал азығын дайындаудың қамына кірісті. Ауданда қазір шөп шабу қызу жүруде. 

Шаруалар күн-түнге қарамай, бел жазбай еңбек етуде. Қажетті техника да жеткілікті. Бүгінге дейін ауданның егістік алқабындағы 5687,6 гектар аумақты алып жатқан жоңышқаның 5 500 гектары шабылып, орташа өнімділік гектарына 24,2 центнерден айналуда. Сөйтіп, барлығы 13750,7 тонна шөп жиналды. Биыл төрт түлікке қажет мал азығынан тапшылық болмайтын сыңайлы. Дала еңбеккерлерінің жемшөп дайындаудағы қарқынды еңбектері соның нақты дәлелі. 

Шөпті жаздың аптап ыстығына қуратпай, жауын-шашынға қалдырмай шауып алу керек. Оған, әрине, қыруар еңбек қажет. Қалай десек те шабындықтағы қалың шыққан шөпті дер кезінде жинап алу басты міндет.