ЕГІСТІКТІҢ ШЫҒЫМЫ ЖАҚСЫ

Уақыты: 23.06.2024
Оқылды: 351
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметінше, өңірде биыл 96 004,2 гектар алқапқа тұқым сіңірілді.


Сарқандық диқандар 58 157,3 гектарға дәнді дақылдар сеуіп, күтіп-баптау үстінде. Атап айтқанда, 15 949,7 гектарға күздік бидай, 31 046,1 гектарға жаздық арпа, 4873,2 гектарға жаздық бидай себіліп, болашақ өнімнің негізі қаланды. Сонымен қатар 5294,3 гектарға жүгері, 292 гектарға сұлы, 296 гектарға тары, 26 гектарға қарақұмық, тағы басқаларының тұқымы себілді.

Ал майлы дақылдар егістік алқабының 19 973,8 гектарын алып жатыр. Жылдағыдай қытай бұршағы, мақсары және күнбағыстан өнім алып, пайдасын көрмекке құлшынған қожалықтар аз емес. Биылғы бір ерекшелік – қант қызылшасы алқабы кеңейе түсті. Алдын ала мәлімет бойынша 2500 гектар алқапқа тәтті түбір себу жоспарланса, орындалғаны 2921 гектар. 

Егістік алқабының ауқымды бөлігін алып жатқан көпжылдық шөп, сүрлемдік жүгері, дәрілік шөп, картоп, көкөніс, бақша дақылдары қара жердің қайтарымын күтетін диқандардың ырысын молайтатыны анық. Бүгінге дейін ауылшаруашылығы дақылдарының дені алғаш рет суарылып, егістік көрген адамның көзін қуантуда.

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы