«Ауыл аманаты» – пайдасы мол бағдарлама

Уақыты: 26.06.2024
Оқылды: 437
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жетісу облысында «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға 3,5 млрд. теңге бөлінді.

Ауыл кәсіпкерлерін қолдайтын «Ауыл аманаты» бағдарламасы екінші жылдан бері Жетісу өлкесінің тұрғындары үшін ең маңызды бастамаларды жүзеге асыруға үлкен серпін беруде. Мәселен, былтыр аймаққа осы бағыт бойынша республикалық бюджеттен 3,2 млрд. теңге бөлінсе, ал биыл бұған 3,5 млрд. теңгеден аса қаражат бөлінді. Нәтижесінде көптеген ауыл тұрғыны өз ісін ашуға немесе кеңейтуге мүмкіндік алды.

Соның бірі Талдықорған маңындағы Өтенай ауылының тұрғыны Берік Дүйсенбаев. Ол өзінің жиһаз цехын ашуды бұрыннан армандаған. Айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан біліпті. Бәрін егжей-тегжейлі зерттеген соң өткен жылдың қараша айында осыған қатысуға өтініш берген. Сөйтіп, 8 миллион теңгеге жобаны қорғап, өз ісін бастаған. Алынған қаражат Италиялық машиналар мен қажетті материалдар және жиһаз бояуын сатып алуға жұмсалған. Ал жабдық Ресей мен Қытайдан сатып алыныпты.

Айта кетейік, цехта қазір тұтынушылар тапсырысымен тұрмысқа қажет үстелдер мен орындықтар, жұмсақ жиһаздар және темір бұйымдары жасалады. Сонымен бірге алты ауыл тұрғынын жұмысқа орнымен қамтуға мүмкіндік туған. Дайын өнімдердің бағасы қалта көтереді әрі зор сұранысқа ие.

Кәсіпкер сондай-ақ, бұл бағдарлама пайдасының зор әрі жиһаз дүкенін ашқанына өте қуанышты екенін айтып, ойымен бөлісті. Алдағы уақытта ол цех жұмысын кеңейтіп, жұмыс орындарын  көбейтуді жоспарлап отыр.

Айгүл Байжұмақызы
Талдықорған қаласы
Фото: baq.kz