ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ ҰЗЫН ЖОЛ ТОННЕЛІ ҚАШАН АШЫЛАДЫ?

Уақыты: 09.07.2024
Оқылды: 265
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Көлік министрі Марат Қарабаев үкімет отырысында еліміздегі ең ұзын тоннель осы шілде айында пайдалануға берілетінін мәлімдеді.


Министрдің дерегінше, Түркістан облысы Шақпақ баба асуындағы Қазақтандағы ең ұзын автомобиль тоннелі (840 метр) шілде айында пайдалануға беріледі.

"Тоннелдің ашылуы қыс мезгілінде жүргізушілерге кедергісіз жүруге мүмкіндік береді. Екінші, Алматы агломерациясы үшін транзиттік маңызы зор ұзындығы 6 шақырым Шамалған станциясындағы автомобиль жол айрығы қыркүйек айында іске қосылады", – деді ведомство басшысы.

Бұдан кейін еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" дәлізімен байланыстыратын 262 шақырымдық "Мерке-Бурылбайтал автожолы ашылады.

"Төртіншіден, Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасы арқылы салынып жатқан 1 мың 300 метрлік көпірдің құрылысын да осы жылы аяқтау жоспарланған. Жазда паром арқылы, ал қыста мұздың үстімен жүретін тұрғындар үшін көпірдің ашылуы қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз етеді. Ол Шығыс Қазақстан облысындағы 4 ауданды бір бірімен байланыстырады. Бұл тарихи жоба 60 жылдан бері талқыланып келе жатқан еді. Ал қазір жоба Мемлекет басшысының тиісті шешімінің арқасында іске асырылып, жыл соңына дейін елдің иелігіне тапсырылады", – деді министрі Марат Қарабаев.

Оның айтуынша, келесі Батыс Қазақстанның шалғайындағы Бөкей Ордасы туристік аймағын дамыту үшін ұзындығы 245 шақырым болатын Казталовка-Жәнібек және Өнеге-Бисен-Сайқын автомобиль жолдарының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.  Ол жылдың соңына дейін толықтай аяқталатынын айтты.

Еске салайық, бұған дейін Өзбекстанның мемлекеттік қауіпсіздік қызметі Қазақстанмен шекарада ұйымдасқан қылмыстық топқа тиесілі 310 метрлік тоннельді анықтады. Контрабандистерден 17 мыңнан астам дәрі-дәрмек тәркіленді. Олар тоннель арқылы Қазақстанның Түркістан облысының Сарыағаш ауданынан Ташкент облысына тасымалданған.