МИНИСТР. "ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫНЫҢ" ҚАРЫЗЫ ЖОҚ. НЕСИЕ УАҚЫТЫЛЫ ТӨЛЕНЕДІ

Уақыты: 09.07.2024
Оқылды: 282
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Көлік министрі Марат Қарабаев "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының (ҚТЖ) 2020 жылдан бастап пайда тауып жатқанын жеткізді. Айтуынша бұған дейін компанияда 2,9 триллион теңге қарыз болған.


Министрдің айтуынша ҚТЖ 2020 жылдан бері тиімді пайда әкеліп жатыр.

"Бұған дейін шығынды кезең болған. Шамамен 2,9 триллион теңге қарыз мемлекет ақша бөлмегендіктен пайда болды. Қазір барлық ірі жоба жолаушылар мен локомотив паркін салуға жаңартуға бағытталып жатыр. Олар ұлттық компанияның өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады", – деді ол.

Қарабаев белгілі бір жағдайларда мемлекет компания шығындарының бір бөлігін субсидиялайтынын түсіндірді. Ал 2,9 триллион теңге несие жылжымалы құрамды жаңартуға және ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға жұмсалған.

"Бүгінге дейін ҚТЖ бірде-бір несиелік қарызды кешіктірмеді. Ұлттық компанияның барлық несиелері өз уақытында төленеді. Сонымен қатар компания 2020 жылдан бастап тиімді пайда әкеліп жатыр. Өткен жылы компанияның барлық қарызын, міндеттемелерін төлегеннен кейінгі таза пайдасы 134 миллиард теңге болды", – деп толықтырды министр.

Бұған дейін жоғары аудиторлық палатаның басшысы Әлихан Смайылов ҚТЖ-ның несиелік тәуекелдің "қызыл" аймағында екенін айтқан еді. 2024 жылдың басындағы компания қарызы 2,9 триллион теңге болып, өсіп жатыр. 

Еске салсақ, депутат Еділ Жаңбыршин ҚТЖ басшысына мәжіліс отырысына келмегені үшін “кім ол сонша” деп шүйліккен еді.