КЕЛІСІП ПІШКЕН ТОН КЕЛТЕ БОЛМАС

Уақыты: 11.07.2024
Оқылды: 261
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қоғам игілігі үшін істелген әр іс бүгін бар, ертең жоқ болмауы тиіс. Қолда барды ұқсату, жасалған дүниенің ғұмырын ұзақ ету – мемлекеттің басты мақсаты. Бүгін жасалған істің халық ертең орнын сипап қалуы өткеннің еншісінде, кеткеннің көлеңкесінде қалды. Өйткені мемлекет әрбір қазақстандықтың қолайлы һәм қауіпсіз ортада өмір сүруі үшін бар жағдайды жасауда. Бұл біздің емес, Жетісу өңіріне сапарлай келіп, облыс аумағындағы өзекті мәселелерді шешудің жолын қарастырып жүрген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Жанболат Жөргенбаев пен Амангелді Төлемісовтің сөзі. Кербұлақ ауданына атбасын бұрған халық қалаулылары әбден жауыр болған түйткілдің тінін тарқатуға барған-ды.


Кербұлақ және Панфилов аудандары арасын республикалық маңыздағы күрежол жалғап жатыр. «Сарыөзек – Көктал», «Көктал – Жаркент – Қорғас» жолының жайы қанша уақыттан бері тұрғындардың шекесін қыздырған. Жолдың жөндеу көрмегені, қырық жамауға айналғаны жергілікті атқамінерлердің де жүйкесін жұқартты. Бірақ, бюджеттен қаржы қаралып, «Жамал апаны әбден қартайтқан» шулы жолдың 81 шақырымы жөндеуден өтуде. Нақты айтқанда, «Сарыөзек – Көктал» тасжолының 43 шақырымы және «Көктал – Жаркент» жолының 16 шақырымы орташа жөндеуден өтті. Ал «Сарыөзек – Көктал» күретамырының (45-68 шақырымы аралығы) 23 шақырымы күрделі жөндеуден өтуде. Биыл пайдалануға берілмек. Енді жүргізушілер жол ыңғайына қарай тегіс маңын іздеп жүрмейді. Халық қалаулылары жөндеу жұмыстарына разылығын да білдірді. Бірақ. Сөз арасын осы бірақ бұзатынындай, жол ғұмырын ұзақ етуде бір кілтипан бар. Сол кемшін жайдың басында «Аlacem» цемент зауыты мен «Сарыөзек – Көктал» тас жолының 65 шақырымы тұр. 65 шақырымда зауыттың карьері орналасқан. Ауыр жүк көліктері шикізатты сол маңнан тасиды. Тұрғындардың талабына сай 11 млрд. теңгеден астам қаржыға жөнделген жол мұндай ауыр жүк таситын көліктердің табаны астында ұзақ шыдас бермейді. Асфальт толқиды, мүжіледі, жарамсыз күйге түсуі әп-сәтте. Жол жөндеу жұмыстарын бақылай келген халық қалаулылары бұл олқылықты болдырмау қажет екенін алға тартты.

 – Азғантай уақыт ішінде шикізат тиеген ауыр көліктер жанымыздан өтті. Бір емес, бірнешеуі. Мұндай қарқынмен жаңадан төселген жол ұзаққа бармайды. Өңір үшін өндіріс қажет. Бірақ, мемлекетіміздің басты байлығы адам екенін ұмытпағанымыз абзал. Мемлекет басшысы «Баршаға бірдей мүмкіндік» қағидасын тегін ұсынған жоқ. Тұрғындар бір ғана өндіріс орны үшін жол азабын қайта тартпауы керек. «Қазавтожол» мекемесі жөндеу жұмыстарына түзету енгізуі тиіс. «Аlacem» цемент зауыты жүк тасымал көлеміне емес, көлік санына орай ақы төлеуді ұйымдастырғаны абзал. Негізі келісіп пішкен тон келте болмайды, – деді сенатор Жанболат Жөргенбаев.

«Жөнді қағылмаған соң тағаны жоғалттық. Тағаны жоғалту нәтижесінде ат мертікті. Жылқының жарақаттануынан хабарлама тиісті жерге жетпеді. Хабар жетпеген соң соғыстан жеңілдік» деген жапон нақылы бар. Айтылуы қарапайым болғанмен астарында үлкен мән бар. Жаңадан салынған жолдың сапасын қалпында ұстауда жауапкершілік жайы осы жапон нақылымен астасып жатқандай. ҚР Парламенті Сенатының депутаттары «Аlacem» зауытының өкілдерін мемлекеттік маңызы бар инфрақұрылымға жауапкершілікпен қарау керегін алға тартты. Тіпті, Амангелді Төлемісов зауыт үшін техникалық жол салу қажет екенін ұсынды. «Қазавтожол» АҚ Жетісу облыстық филиалы басшысының орынбасары Жасұлан Қалтаев зауыттың техникалық жол салуға құлықты екенін, тек жергілікті әкімдік жол салуға жерді реттестіргенін күтіп жүргенін сөз етті. Ал жөндеу жұмыстары аяқталғанда жол бойында арнайы таразылар тұратынын, сол құрылғылар арқылы ауыр жүк көліктерінің жүріп-тұруы ретке келетінін алға тартты құзырлы мекеме өкілі.

Түс ауа ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің, облыстық мәслихаттың депутаттары Ескелді ауданына бағыт алды. Мұндағы мақсат – өңірдің экономикалық локомотиві саналатын ауыл шаруашылығындағы негізгі мәселелермен танысу. Ескелді ауданы әу бастан егін мен малшаруашылығына иек артады. Бұл ауданның өндіріссіз екенін білдірмесе керек. Дейтұрғанмен мұндағы ағайын жер тырнап нәпақа табуда. Диқан үшін қай кезде де су маңызды. Ескелді ауданына қарасты Қарабұлақ ауылының маңындағы Қаратал өзеніндегі бөгет аудан мен Талдықорған қаласындағы шаруалардың 13 мың гектар суармалы егістігінің қажетіне жарап тұр. Дейтұрғанмен 1976 жылы салынған нысан әбден тозған. Салынғаннан бері күрделі жөндеу көрмеген. Бұранда көтергіштер мен бетон жабындардың мүшкіл хәлін баян еткен аудан әкімі Елдос Ахметов бөгеттің су жүйелерін қалпына келтіру кешенді жоспары тізіміне енгенін сөз етті.

Дастанбек САДЫҚ