КӘСІПКЕРЛЕР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕ

Уақыты: 11.07.2024
Оқылды: 231
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айтуар Қошмамбетовпен кездесу жиынында жетісулық кәсіпкерлер біраз мәселені көтерді.


Осы орайда агроөнеркәсіп кеңесінің мүшесі Жанатбек Сарғалдақов елімізде «Паразитизм туралы» Заң әзірлеп, енгізуді ұсынды. Кәсіпкердің айтуынша, қазір елімізде жұмыссыздар көп.

Десек те жұмыс істейтін адам жоқ. Мысалы, аграрлық салада күніне 10 мың теңгеге малшы, дала жұмыстарын атқаратын, дақылдарды суаратын адам табу қиын. Ал мұндай мәселелерге жастардың бас ауыртқысы келмейді және бұған алаңдамайды да. Жасыратыны жоқ, олар мұндай еңбекті беделді деп санамайды. 

Егер, сол жастың мектеп пен жоғары оқу орындарын жақсы бітіруге немесе бос жұмыс орындарына барып еңбек етуге шамасы келмесе, онда жұмыс күші қажет жерлерге барып еңбек етулеріне қандай кедергі бар?! Сол себепті кәсіпкер елде «Паразитизм туралы» Заң енгізудің маңызды екенін айтты. Бұл бос жүрісті адамды азайтып, кәсіпорындардың барлық түрін жұмыс күшімен қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызбақ. Сонымен бірге ол тіркеусіз жеке кәсіп жүргізіп, несие алып, қарыз төлемей немесе алименттен жасырынып жұмыс істейтіндерді көлеңкеден шығару үшін керек.

Мұндай пікірге облыстық мәслихат депутаты, облыстық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің төрағасы Римма Салықова да қосылды. 

– Елімізде атаулы әлеуметтік көмек енгізілді. Осыған байланысты кейбір отбасыларда дені сау ер адамдар жұмысты тастап кетті. Себебі, АӘК алу құжаттарында отбасының табысы жоқ екені көрсетілу керек. Қалай болғанда да елімізде дені сау барлық адам жұмыс істеуі тиіс,– деді Римма Аждарқызы. 

Сондай-ақ, ол арнайы әлеуметтік төлемдерді тек кішкентай балаларымен декретте отырған аналар, еңбекке жарамсыз адамдар мен отбасыларында мүгедектігі бар туыстарына немесе әлсіз қарттарға күтім жасайтын азаматтар ғана алуы тиіс екенін айтып, ойын жеткізді.

А. Ыбырай
Талдықорған қаласы