Биыл Жетісу өңіріндегі бизнесті қолдауға 7,4 млрд. теңге бөлінді

Уақыты: 17.07.2024
Оқылды: 357
Бөлім: ЭКОНОМИКА

2024 жылы облыстағы бизнесті қолдау мақсатында 7,4 млрд. теңге бөлінді, соның ішінде республикалық бюджеттен – 6,9 млрд.теңге, жергілікті бюджеттен - 568,1 млн. теңге, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметіне қарағанда, аталған қаржының 6,8 млрд. теңгесі пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға бөлінген. Бұл орайда несие сомасы
9,3 млрд. теңгеге 144 жоба қаржыландырылды. Ал ішінара кепілдік беруге 423,8 млн. теңге қарастырылып, кепілдік сомасы 2,9 млрд. теңгеге 55 жобаға қолдау көрсетілген. Сол сияқты инженерлік инфрақұрылымды жүргізуге 2 инфрақұрылымдық объектіге 50,7 млн. теңге, мемлекеттік гранттар беруге 170 млн. теңге бөлінді.

«2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша, осы саладан бюджетке түсетін салық түсімдері 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34%-ға ұлғайып, 22,2 млрд.теңгені құрады. Биылғы жылға арналған жоспар - 43 млрд. теңге», - делінген басқарманың хабарламасында.

Еске салсақ, өткен бес айдағы мәліметке сәйкес, облыста шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 59 518 бірлікті құрап отыр.

Фото: облыс әкімі баспасөз қызметі