Сүт өніміне қолдау қажет

Уақыты: 18.07.2024
Оқылды: 336
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Сүт өңдеу зауыттары жеке қосалқы шаруашылықтардан сүт қабылдауды тоқтата ма? Бұрын хабарланғандай, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Кеден одағының «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті қолданысқа енгізіледі.

Жаңа ережелерді талқылау барысында регламент талаптары жекеменшік ауыл шаруашылықтарының кең санатын табыс көзінен айыруы мүмкін деген қауіп айтылды. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан фермерлері қауымдастығының мәліметінше, республиканың агросекторында 2,32 млн. жеке қосалқы шаруашылық бар. Олар сүт өнімдерін қоса алғанда, азық-түлік өнімдерінің едәуір бөлігін өндіреді. Сондай-ақ, сүт саласында талқыланатын мәселелердің қатарында субсидиялау ережелері де бар. Сүт өндірушілердің бірқатары мемлекеттік қолдау шараларын қайта қарауды ұсынуда. 

Осыған сәйкес субсидиялар өндірілген емес, тек сатылатын сүт өнімдеріне бөлінеді. Аталған мәселелерге сәйкес, «Jana Dala / Green Day» ақпараттық орталығы түсініктеме алу үшін ҚР АШМ мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүгінді. Себебі, қауіп-қатер расталған жағдайда Кеден одағының техникалық регламентіндегі өзгерістер ауылдық жерлерде өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған халықтың көп болуына кері әсерін тигізуі мүмкін.  

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ҚР АШМ-не сілтеме жасай отырып берген жауабына сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Кеден одағының «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті қолданысқа енгізіледі. «Келесі жылдан бастап сүт өңдеу кәсіпорындарына өткізілген шикі сүт осы Техникалық регламенттің №5 қосымшасына сәйкес шикі сүттегі, майсыз шикі сүт пен шикі кілегейдегі микроорганизмдер мен соматикалық жасушалардың рұқсат етілген деңгейіне тексеріледі. Яғни, сүт өңдеу кәсіпорындары жоғарыда көрсетілген талаптарға сәйкес болған жағдайда ғана сүт қабылдауды жалғастырмақ.

Өз кезегінде, ҚР АШМ сүт өңдеу кәсіпорындарын сапалы сүт шикізатымен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шараның жүзеге асырылғанын атады. Мәселен, техникалық регламент талаптарын орындау мақсатында 2019 жылы Қазақстанның сүт саласының өнімдерін ЕЭО техникалық регламенттерінің қауіпсіздік талаптарына сәйкес келтіру жөніндегі Жол картасы іске асырылып, 2024-2025 жылдарға жаңартылды. Бұл ретте Жол картасын әзірлеу үшін азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы, Сүт одағы, Денсаулық сақтау министрлігі, Техникалық реттеу және метрология комитетінің көмегі тартылды.  

– Өткен жылы барлық шаруашылықта өндірілген 6,5 млн. тонна сүттің 31%-ы жоғарыда көрсетілген шарттар толық сақталатын ұйымдасқан шаруашылықтарда өндірілгенін атап өткен жөн. Бұл ретте былтыр сүт өңдеу кәсіпорындары 2,1 млн. тонна сүт өңдеді, бұл жалпы өндіріс көлемінің 32% -ын құрайды. Осылайша, ЖҚШ-дан қайта өңдеуге түсетін сүт көлемі шамалы,– дейді ҚР АШМ «Jana Dala / Green Day» ақпараттық орталығының сұрауына.    

Субсидияларға қатысты ҚР АШМ бұрын олар өндірілген өнім көлеміне төленгенін атап өтті. Бұл ретте қабылданған шикізаттың көлемін растау ретінде ішкі шаруашылық қойма құжаттары қоса берілген электрондық шот-фактуралармен жүргізілді. Сонымен бірге, ведомствоның жауабына сәйкес, аталған құжаттар деректер базасында тіркелмейді. Осыған байланысты өндіріс көлемінің нақтылығын тексеру мүмкін емес. Бұдан басқа, көрсетілген құжаттармен расталған сары майдың бір бөлігі кәсіпорынның ішкі мұқтаждығына жұмсалады, нәтижесінде субсидияланған сары майдың көлемі тұтыну нарығына шықпайды.  

ҚР АШМ мәліметінше, жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, субсидиялау жүйесін реформалау аясында Ережеге сары май, құрғақ сүт және қатты ірімшіктің сатылған көлеміне субсидия төлеу бойынша нормалар енгізілді. Бұл ретте, өнімді өткізу электрондық шот-фактуралармен расталады. Осылайша, субсидия алу үшін электрондық шот-фактуралармен өңдеуші кәсіпорын сатып алған шикізат көлемін де, сатылған дайын өнім көлемін де растау қажет.

Субсидиялауға ұсынылған құжаттарды қарау және субсидияларды төлеу салық органдарының тиісті ақпараттық жүйесін Gosagro.gov.kz. ақпараттық жүйесімен интеграциялау негізінде жүзеге асырылатынын атап өту қажет.  Аталған шара автоматтандыру және цифрлық технологияларды толық пайдалану есебінен субсидияларды төлеу мен мақсатты пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз  етеді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА