Тәтті түбір өсірудің тиімді тәсілі

Уақыты: 27.07.2024
Оқылды: 381
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жетісулық қызылша өсірушілерге жан-жақты көмек көрсетіліп, заманауи техника, жоғары өнімді гибридті тұқым сатып алуға мүмкіндік жасалуда. Жыл сайын демеуқаржы, гербицидтер, жанар-жағармай жеткілікті беріледі. Бұл қант қызылшасын көп өсіретін және өңдейтін жерлестерімізге үлкен көмек болды. Осылайша мемлекет пен шаруалардың ортақ ісінің арқасында қант қызылшасы аймақтағы ең маңызды дақылдардың біріне айналды.

Ақсу аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің хабарлауынша, биыл өңірдегі 100-ден астам шаруа қожалығы 2200 гектар жерге қант қызылшасын сепкен. Оның ішінде 485 гектары тамшылатып суару технологиясын қолдануда. Соның бірі – Тарас ауылындағы «Қыдырәлі» шаруа қожалығы. Олар биыл 45 гектар жерге қант қызылшасын сепкен. 

Сонау 1997 жылдан бері егін шаруашылығы саласымен айналысып келе жатқан шаруашылықты Төлеген  Мақашев құрып, жұмыс істеп келеді. Жаңадан іргесі қаланған тұста игеретін жері аз, техникасы ескі, жұмыс күші де жеткіліксіз еді. Қазір Талдықорған – Үшарал жолынан Тарас ауылына бұрылыста орналасқан шаруашылықтың қатар-қатар тізілген жаңа техникасы мен тақтайдай тегіс қырманы, астық қамбалайтын қойма көз қуантады. Ақсу ауданындағы жалғыз элеватор күре жолмен өткен жүргіншінің назарын еріксіз аударады. Оның бәрі тынымсыз еңбек, адал тердің арқасында мүмкін болған дүние. 

Аталған шаруашылық бұған дейін 500 гектардан аса  суармалы және тәлімді жерге күздік және жаздық масақты, дәнді дақылдар егумен айналысып келген.

– Қант қызылшасымен бірінші жыл айналысқандықтан тәжірибеміз жеткіліксіз болды. Көктемгі тұқым себу кезінде  Түркиядан әкелінген тұқым сепкіш құралдарды пайдаланып, біраз қателік жібердік. Кейін Германияның тұқым сепкіш құралдарымен жұмыс жүргізіп, жіберген қателікті түзеттік. Қазір екі құрылғымен себілген егіс алқабының шығысы әртүрлі. Осы кезде ғана қызылшадан мол өнім алу үшін техниканы жаңарту керек деген түйінге келдік. Сонымен «Қыдырәлі» ЖШС-ін құрып, төмендетілген несиемен Германияның «GIMMER» маркалы тракторын 120 млн. теңгеге, тұқым сепкіш және қант қызылшасының жапырағын жұлатын техника мен қазатын комбайнды 260 млн. теңгеге алдық, – дейді «Қыдырәлі» шаруа қожалығының басқарушысы Тасқын Мақашев.

Жаңа техниканың бәрі компьютермен жабдықталған. Қолдануға жеңіл және шығыны аз, тиімділігі мол. 

Қант қызылшасын өсірудің озық технологиясы, шығымы мол тұқым, тыңайтқыштарды тиімді пайдалану, егіс алқаптарының көлемін ұлғайту – қант өндірісін дамытудың негізгі бағыттары. Өкінішке қарай, тұқым өндірісі жағынан біз елдің тұтыну деңгейінен әлдеқайда артта қалдық. Сондықтан жетісулық қызылшашылар көбінесе шетелдік жоғары сұрыпты тұқымдарды сатып алуға және өсіруге ден қояды. «Қыдырәлі» шаруа қожалығы Германияның «Квс Конвизо Смарт» қызылша тұқымын сеуіпті. 

– Немістің аталған қызылша тұқымын жақсы баптаса гектарынан 1000 центнерден өнім алуға болады. Ол нақты сынақтан өткен. Біз дақылдың өнуін, күтіп-баптаудағы мүмкіндігімізді ескере отырып, гектарынан 700-800 центнерден өнім алуды жоспарлап отырмыз, – дейді шаруа қожалығының басқарушысы.

Жалықпаған егінші ғана қант қызылшасын ойдағыдай өсіріп, мол өнімге кенеледі. Ол үшін осы дақылмен айналысатын жұмысшы-маман, техниканы меңгерген азаматтар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, тынымсыз еңбектенуі керек. «Қыдырәлі» шаруа қожалығында бүгінде 20-ға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олар жұмыс салмағына қарай 200 мың теңгеден 350 мың теңгеге дейін жалақы алады. Жұмыскерлердің жатып-тұратын үйлері толық жабдықталған, 3 уақыт тамақ шаруашылық есебінен беріледі. Жиын-терін кезінде жұмысшы саны арта түседі. Осы шаруашылықта еңбек өтілі ең ұзақ Рүстем Айткәрім. Ол 2004 жылы жұмысқа  бозбала болып кіріп, бүгін барлық шаруаны үйлестіруші деңгейіне жеткен. Оның қолынан бәрі келеді. Трактормен жер жыртады, комбайнмен егін орады, элеватордың техникасын қадағалайды, жұмысшыларға міндет жүктейді, егілетін тұқым, берілетін дәрі, орылатын алқапты реттеп отырады. Одан бөлек, шаруашылыққа жаңадан келген жастарға жұмыс тәртібін үйретеді.

– Осы шаруашылықта 10 жылдан аса еңбек еттім. Барлық жұмыстың қыры мен сырын жетік білемін. Осында жүріп үйлендім, бүгінде бала-шағамды асырап отырмын. Бұрындары ескі техникамен жұмыс істегенде қатты қиналатынбыз. Қазіргі заманауи техникалар жан қинамайды, – дейді ол.

Техника жаңарып, жұмыс жеңілдегенімен кейде ауа райының да жұмысқа әсері көп. Биыл жетісулық қызылшашылар жылдағыдай судан тапшылық көрген жоқ. Себебі, көктем, жаз мезгілі жауын-шашынды болды. Алайда, жауынның мол болуы арамшөптермен күресті күшейте түскен. Өйткені, жауыннан қуат алған арамшөптер дәріге бой бермей, қол күшіне жүгінуге тура келген.

– Жауын-шашын мол болғандықтан қызылша алқабын жиі шөп басып, оны жоюға дәрінің күші жетпегендіктен адам жалдап,  алқапты қолмен шөптедік. Әр гектарына 100 мың теңгеден төлеп, жұмысшы жалдадық, – дейді Тасқын Төлегенұлы.

Біз шаруашылықтың қызылша алқабына барғанда тынымсыз еңбектің нәтижесін көрдік. Тап-таза алқап, қатар-қатар тізілген қызылшалар бойлап өсіп келеді. Алқап Қырғызстаннан шығатын тамшылатып суару техникасымен суарылады. Қарапайым суару техникасымен бір мезгілде бірнеше гектар алқапты адам күшінсіз-ақ суарып тастайтын көрінеді. 

Шаруашылықтың алдағы жоспары да ауқымды екен. Олар келесі жылы қант қызылшасын егуге қосымша 60 гектар суармалы жерді дайындап жатыр. «Жалпы, 100 гектар жер игереміз» деп отыр.

Бүгінде шаруашылық күздік, жаздық масақты дәнді дақылдарды оруды бастап кеткен. Қырман толы астық элеваторда тазаланып, қамбаланып жатыр. Енді алушысы табылып, ойдағыдай бағамен сатылса, шаруашылық алдағы жоспарын жүзеге асыруға белшеше кіріспек.

Қажет АНДАС
Тарас ауылы,
Ақсу ауданы