АВТОБЕКЕТ САЛЫНАДЫ

Уақыты: 09.04.2018
Оқылды: 928
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Құрылыс қарқынды жүргізілген сайын оған деген жауапкершілік  те арта түседі. Сонымен бірге, оның сәулеті де басты назарда болуы керек. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиында өңір басшысының бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВ айтты.  

Құрылыс саласының мамандары бас қосқан жиында аймақта салынатын бірқатар нысанның тұрғызылу тәртібі қаралып, олқылықтарды түзету жайы сөз болды. Мәселен, Батыс Еуропа – Батыс Қытай жолының бойында орналасқан Панфилов ауданында халықаралық деңгейдегі автобекет салынбақ. Жолаушылар үшін көпсалалы әрі кешенді қызмет көрсететін ғимараттың жобасы әлі де талқылауды қажет етеді. 
Айталық, қазірге дейін автотұрақ, су жүйелері, ішінара дизаин үлгісі қайта қаралған мекеме құрылысы көпшілік тарапынан қолдау тапқанымен  ғимарат сызбасына өзгерістер енгізу керектігі байқалады. Осы ретте Лаззат Тұрлашов тоғыз жолдың торабына орналасқан бұл жобаның облыс әкімінің назарында екенін айта келіп, ондағы құрылыс сапасының қатаң бақылауда ұсталуын тапсырды. 
Бұл жобаның халықаралық маңызы бар нысан екенін білеміз. Сол себепті де оның ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары көңілге қонымды болуы тиіс, – деді Лаззат Махатұлы.
Басқосуда Талдықорғанда бой көтерген драма театрына қатысты да мамандар пікірі тыңдалды. Соның ішінде ғимарат қасбетінің қандай үлгіде жасалуы керектігі талқыланып, бұл мәселе төңірегінде құрылыс алаңында тағы бір кеңес өтетіні айтылды. 
Басқосуда бұдан бөлек тағы бес инвестициялық жоба қаралды. Бәрінде де құрылыс сапасының басты назарда болуы қатаң қадағаланады. Сонымен қатар, Астананың жиырма жылдығына тарту ретінде салынып жатқан нысандардың да жай-жапсары баяндалды. 
 
Қ. ӘБДІҒАПАР