Агротуризм қолға алынды

Уақыты: 25.04.2018
Оқылды: 1501
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыстың аграрлық және өнеркәсіптік әлеуеті агротуризмді дамытуға да мүмкіндік береді. Мамандардың пікірінше, туризмнің бұл түрінің болашағы зор, алайда оны дамытумен ешкім түбегейлі айналыспайды. 

Осыған байланысты жақында Талдықорған қаласында «АЙСЕР» және «GREEN VILLA HOTEL» қонақүйлері кешенінде орналастыру орындары өкілдерінің шеберлігін арттыру және аграрлық туризмді ұйымдастыру бойынша шеберлік сыныбы өтті. Шеберлік сыныбына қонақүй мен ауылшаруашылығы бизнесі субъектілерінің елу шақты жетекшісі мен қызметкерлері қатысты. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов туризмнің дамуы сала мамандарының кәсіби біліктілігін жоғарылатумен тікелей байланысты екенін атап өтті. Туризм басқармасының қызметкерлері кәсіпкерлерді аграрлық туризмге көңіл бөліп, шаруашылық нысандарын туристерге тартымды етуге шақырды. 
«Қазіргі әлемде адамдарды ауылдар, ондағы табиғат пен ауылшаруашылығы кәсіпкерлігі қатты қызықтырады. Туристердің мұндай нысандарға деген ынтасы мен сұранысы жоғары. Осыған байланысты ауыл кәсіпкерлерінің тиісті жағдай мен қызмет көрсетуді енгізуі маңызды», – дейді облыстық туризм басқармасы жанындағы туризм және ақпараттық қызметтер орталығының кеңесшісі Вера Ежикова. 
Жалпы батыс елдерінде агротуризм өткен ғасырдың 70 жылдарында пайда болған. Статистика бойынша Ұлыбританияда бұл орайдағы көрсеткіш 10 пайызды құрайды. Ал Германияда ауылшаруашылығы туризмінің үлесі 4-5 пайыз. 
«Қазақстанның барлық өңірінде агротуризмді дамытуға болады. Әрбір облыстың өзгеше табиғаты бар, ауылшаруашылығының да өзгешелігі көп. Соңғы уақытта туристер сиыр сауу, шөп шабу, картоп егу сынды демалыстың белсенді түрлерін таңдайды. Сонымен бірге, оларға ауылшаруашылығы өнімдерін шығару және оған қатысу үрдістері қызық. Жетісу жері бұл мүмкіндіктердің бәрін ұсына алады», – дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ туризм кафедрасының доценті, халықаралық коучер Әлия Ақтымбаева. 
Ескелді ауданындағы шаруа қожалығының жетекшісі Раушан Жақұпбаева үшін аграрлық туризм тақырыбы тың және өзекті саналады. «Біз жиырма жылдай мал және өсімдік шаруашылығымен айналысып келеміз. Бірақ, ешқашан шаруа қожалығында аграрлық туризмді дамытуға болатынын ескермеппіз. Шебер-сыныпта осы бағыттағы білімімізді кеңейттік», – дейді кәсіпкер. 
Қонақүй бизнесі бойынша шеберлік сабағын халықаралық сарапшылар Фабьен Селос (Франция) мен Александр Гусев (Қырғызстан) жүргізді. Тренерлер сервис мәдениеті мен қызмет көрсету сапасының әрдайым жоғары болуына, қызмет көрсету деңгейі нысанның қалада немесе ауылда орналасуына байланысты болмауы керектігіне назар аударды. Орталық Азия университетінің ҚР Үкіметі және қоғаммен байланыс жөніндегі өкілі Райхан Сисекенованың айтуынша, өңірде отбасылық туризмді дамыту үшін қолайлы жағдай жасау мүмкіндігін қарастыру қажет. 
«Текелі – отбасылық туризм үшін қолайлы қала» атты тұжырымдаманы ұсынып отырмыз. Осылайша біз кәсіпкерлер қоғамдастығын отбасылық демалысты ыңғайлы ету үшін жаңа қызмет түрлерін енгізуге ынталандырғымыз келеді», – дейді Райхан Сисекенова. Шеберлік сабағының қорытындысы бойынша қатысушыларға біліктілікті арттыру жөніндегі халықаралық сертификат тапсырылды. 
Айта кетейік, туризм басқармасы Талғар ауданы, Қасқелең қаласы, Талдықорған және Қапшағай қалаларындағы орналастыру мен тамақтандыру орындарының қызметкерлері үшін оқыту курстары мен тренингтер топтамасын ұйымдастырған болатын. Сонымен қатар, Райымбек ауданында қонақүйлер мен гид-экскурсоводтар үшін де курстар өткізілді. Басқарманың ақпаратынша, өткен жылы туристерге арналған 680 орналастыру орындары тіркеліп, онда 1,5 млн. адам демалған.

 

Айгүл Байбосынова,
“Жетісу”