МОЛ МҮМКІНДІК АЛАҢЫ

Уақыты: 10.06.2018
Оқылды: 882
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Ауылшаруашылықты аймақ атанған Ескелді ауданында шағын және орта бизнес саласы айтарлықтай дамуда. Бүгінде аудан қазынасына түсіп отырған қаржының 57 пайызы сол жергілікті кәсіпкерлердің үлесінде. Бұл туралы ауданда өткен тұңғыш инвестициялық форумда айтылды. 

 
   «Тау Жетісу» демалыс аймағында өткен басқосуда  алдымен агросекторға қатысты тың жобалар таныстырылып, олардың болашағы жайында әңгіме өрбіді. Сонымен бірге, жиынға қатысушы кәсіпкерлер алдағы уақытта жүзеге асатын бірнеше жоба төңірегінде әңгіме өрістетті. Мәселен, ескелділік іскер топ шетелдік инвесторлармен бірлесе тауарлы-сүт фермасы мен балық өсіру бассейнін салмақ. 
   Өз кезегінде аудан әкімі Бағлан Тәнекенов аудан тарихында алғаш рет өткізіліп отырған шараның бизнес өкілдері үшін мол мүмкіндік алаңы екенін айтып, кәсіптің көзін тапқандарға мемлекет барынша жағдай жасап отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, осы ретте қаржы салып, жұмыс жүргізем деушілерді жергілікті биліктің де қолдауға дайын екенін жеткізді. 
   Бағлан Сағындықұлының айтуынша, ауданда ауылшаруашылығынан бөлек туризм саласын жандандыруға да айтарлықтай көңіл бөлінген. Ол үшін  бірнеше бірлескен жоба да әзірленіп отыр. Соның   бірі – «Тау Жетісу» демалыс аймағының аумағын кеңейту мәселесі. 
   Бұл мәселеге аталмыш кешен директорының орынбасары Игорь Виршки тоқталып өтті. Оның пікірінше, осы аймақта туризмді дамытуға мол мүмкіндік бар. Оған себеп, аталған демалыс орны аумағының туристік  тартымдылығы мен өңір орталығы Талдықорған қаласына жақын орын тебуі.  
   Туристік тартымдылығы демекші, қысы-жазы қонақ арылмайтын  кешенге жылына 30 000 демалушы келеді. Қазір мұнда қос бассейн мен 100-ден аса демалыс шатыры және қонақүйлер орналасқан. Өзінің тамаша табиғатымен туристерді қызықтыратын мекенде биыл тағы бірнеше қызмет көрсету нысаны ашылмақ. 
– Мұнда әуелі 100 адамға арналған қонақүй кешені салынады. Сосын бассейн мен Vip зона болады деп жоспарлап отырмыз. Мұнымен қоса қызмет көрсету сапасын да арттыру жоспарда бар. Нәтижесінде, былтырғы көрсеткіш биыл екі есеге өседі деп отырмыз, – дейді  Игорь Виршки.
– Міне, мұндай жобалар бизнестегі сіз бен біздің мүмкіндігіміз. Өңірдің әлеуетін арттыратын әрбір игі бастаманы қолдауға дайынбыз – дейді Бағлан Тәнекенов. 
   Жиын соңында аудан басшысы шараға қатысқан қонақтарға өз алғысын білдіріп, бірнеше инвестормен өзара меморандумға қол қойды. 
 
Қ. ӘБДІҒАПАР
Ескелді ауданы