Өңір қажетін өтейтін зауыт

Уақыты: 11.06.2018
Оқылды: 1061
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстандық-сингапурлық «Alacem» ЖШС бірлескен кәсіпорнының Кербұлақ ауданында цемент өндіретін заманауи зауыт салатындығы жайында газетіміз бұған дейін де жазған болатын. Ауданға арнайы барған сапарымызда бұл орайдағы жұмыстардың қызу жүріп жатқандығын көріп қайттық. 

Сарыөзек кентінен едәуір қашықтықта, 40 гектар алқапта алып орын тепкен құрылыс алаңындағы қайнаған еңбек көңіл қуантады. Әр тұстан алып техника, көкке бой созған құрылыс крандары, тынымсыз шаруа үстіндегі шетелдік жұмысшылар көзге шалынады. Олардың арасынан құрылыс жұмыстарына араласа бастаған өзіміздің қандастарымызды да байқадық.
Ең алдымен, айта кететін қуанышты жайт – осынау ірі инвестициялық жоба жүзеге асып, жобалық қуатында жұмыс істеуге көшкен кезде облысымыздың цемент сияқты маңызды құрылыс материалына деген сұранысы толықтай өтелмек. Жылына 1,2 млн. тонна цемент шығаратын бұл кәсіпорын өнімінің сапасы, құжаттамада айтылғандай, ірі инфрақұрылымдық жобаларды, азаматтық және өнеркәсіптік мақсаттағы нысандарды салу кезіндегі өскелең талаптарды қанағаттандыратын болады. Мұның өзі облысымыздағы құрылыс жұмыстары бұрынғыдан да жандана түсіп, экономикалық дамуға тың серпін беріледі дегенді білдіреді. Өз өңірімізде өндірілгеннен кейін өнім бағасының да қолжетімді болатындығы өз-өзінен белгілі жайт.  
Құны 50 млрд. теңгені құрайтын ірі инвестициялық жобаның бас мердігері «Jiangsu Pengfei» корпорациясы әлемдегі цемент өндіретін жабдық шығаратын ірі компаниялардың қатарынан саналады. Мердігерлер өкілінің айтуынша, корпорация Оңтүстік Шығыс және Орталық Азияда, Ресей мен Әзірбайжанда, Алжир мен Моңғолияда осындай зауыттар салуға атсалысқан, басқа да бірнеше ел кәсіпорындарын осындай жабдықтармен қамтамасыз етеді. Демек, барлық заманауи талаптарға толықтай жауап беретін өндіріс орны осы заманғы озық технология бойынша жұмыс істеп, ең үздік үлгідегі жабдықтарды қолданбақ.    
Жоба бойынша, зауыт құрылысы 2019 жылы толықтай аяқталып, пайдалануға беріледі. Соған орай 387 жаңа жұмыс орны ашылып, оның негізгі бөлігін жергілікті жұмысшылар құрайтын болады. 
– Зауыт құрылысы аяқталғаннан кейін мұнда негізінен жергілікті тұрғындар жұмыс істейді. Бәрі сәтімен бітсе, осы өңірдегі жұмыспен қамту мәселесі толықтай шешімін таппақ, – дейді бізді бастап барған Кербұлақ аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Әділхан Рысбеков.
Сөз орайы келгенде, құрылыс алаңының бір шетінен жұмысшыларға арналған шағын қалашықтың бой көтергендігін де айта кетейік. Осы заманғы талапқа сай жасалынып, қатарласа салынған шағын бөлмелерден тұратын қалашықтың айналасына ағаш көшеттері отырғызылған. Құрылысшылар жақын арада осы маңнан субұрқақ салынатындығын да мақтанышпен әңгімеледі. Бұл қалашықта қазіргі кезде шетелдік жұмысшылар тұратын болса, жақын болашақта отандастарымыздың игілігіне берілмек. 
Болашақ зауыттың экологиялық талаптар үдесінен де шығатындығы айқын. Бұған технологиялық желінің шаң-тозаңды ұстап қалатын 55 қондырғымен жабдықталғанын айтсақ, айқын көз жеткізуге болады. Осылайша, әр цехқа орташа алғанда 8 агрегаттан тұратын тұтас кешен орнатылады. Бұл мәселе аудан, өңір экономикасының дамуына тың серпін беріп, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға айтарлықтай ықпал ететін маңызды жобаның құндылығын бұрынғыдан да арттыра түспек. 

Нүсіпбай Әбдірахым,
Серік Қантай (фото)
Кербұлақ ауданы