"lEGO" КІРПІШІ ШЫҒАРЫЛАДЫ

Уақыты: 19.06.2018
Оқылды: 1782
Бөлім: ЭКОНОМИКА

    Қазіргі таңда кәсіпкерлікпен айналысамын деген адамға мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік жасалуда. Аудандық кәсіпкерлік палатасы арқылы жұмыссыз азаматтар «Бастау-бизнес» курсын оқып, «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы несие алып, өз ісін дөңгелентіп отыр.

 

   Соның бірі Сәуле Кусманова. Ол кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрететін курс соңында жобасын сәтті қорғап, ауданда алғаш болып «Lego» кірпішін шығаратын цех ашты. Аталған қоғам арқылы «Кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 6 млн. теңге несие алып, өндіріске қажет құрал-жабдықтар сатып алды. Қазір жолдасы Сакен Кусманов екеуі заманауи кірпіш құю жұмысына қызу кірісті. Цех басшысы Сакен Кусманов ауданда лего-кірпіш шығару туралы ойдың құрылыс жұмысы кезінде келгенін айтты.
– Менің төрт кәсіби білімім бар. Соның екеуі құрылыс саласына қатысты. Техникалық оқу орны мен құрылыс-сәулет академиясын бітірдім. Бұл істің қыр-сырын жақсы білемін. Қазір әркім шығарып жатқан кірпіштердің сапасы да, қалыбы да стандартқа сай келмейді. Бір күні тас қалаушы жігіттерге салмағы 18-25 келі тартатын кірпіштермен цех шарбағын қалатқан едім. Кірпіштердің өлшемі қалыпқа сай болмаған соң: «Жігіттер, андағы кірпіштерің ауыр емес пе, шаршадыңдар ма?» дедім тас қалаушыларға. Олар да шаршағандарын айтып: «Лайды аз салып қойсақ, мына ауыр кірпіштерді қайта көтеруге тура келеді» деді. Сосын жігіттерге: «Сендер кірпіштерді түзу қалап жатырсыңдар, бірақ кірпіштеріңнің биіктігі бірдей емес, өзіміз кірпіш шығарайық» деп ұсыныс тастадым. Міне, содан бері сапалы кірпішті өзіміз жасай бастадық, – дейді Сакен Құдайбергенұлы бізбен әңгімесінде. 
   Кәсіпкердің айтуынша, ол жұмысын бастапқыда автокөлік дөңгелегі мен көлік жөндеу орнын және дәнекерлеу цехын ашудан бастапты. Кейіннен кірпіш шығаруды қолға алған. «Lego» кірпіші конструктор қағидатымен бір-біріне жақсы бекітіледі. Кәсіпкер бұл эксклюзивті құрылыс бұйымы уақыт пен қаржы үнемдеуге мүмкіндік беретінін айтады. Кірпіштің арнайы ойық бедерлері арқылы ауызсу, шағын кәріз жүйесі, электр қуатын өткізуге аса қолайлы. Бұл кірпіштермен үй сыртын әдемілеп қаптауға болады. Сондай-ақ, ол жазғы алаңша мен қоршау жасауға және үйішілік бөлмелерді бөлуге, басқа да құрылыс саласына пайдаланылады. Мұндай кірпішпен үй безендірсе де көзтартарлық сән береді. «Lego» кірпішінің бір ерекшелігі сол, кез келген адам шебер жалдамай-ақ қабырғаны түзу қалай алады. Тек, бастапқысын түзу қаласа болғаны.
– Кірпішке сұраныс болады деген сенім мол. Өнімнің 10-15 түрін шығармақ ойымыз бар. Тапсырыс берушінің қалауынша қажет түсін жасап береміз. Күніне 800-1000 кірпіш шығара аламыз. Өнімнің қоршаған ортаға зияны жоқ. Кірпіш цемент ерітіндісімен қаланады. Бағасы арзан, кафель желімі арқылы біріктіріліп, құрылыс салу үрдісін жылдамдатады. Біз шикізатқа цемент, құм, тау жынысының үгіндісін, әкті, арнайы пигмент, виброталшықты пайдаланамыз. Виброталшық арқылы кірпіш сапасын арттырамыз. Қазір жұрттың көбі шығарып жатқан бұл өнімдеріміз туралы біле бермейді. Сондықтан шарбақ пен цех алдын «Lego» кірпішімен қалап, өнімдерді көрсетпекпіз, – дейді Сакен Кусманов.
   Кәсіпкердің айтуынша, кірпіш бағасы жұртшылыққа қолжетімді. «Lego» кірпіші 25 тонна салмақта гидравликалық қысыммен басылып шығады. Силикат кірпіштерге қарағанда әлдеқайда берік. 
– Басында жасаған кірпішіміз көңілден шықпады. Қазір барлық қыры теп-тегіс, сапасы жоғары стандартқа сай кірпіш шығаруға қол жеткіздік. Силикат кірпішпен қапталған үйлер 5-10 жылдан кейін жауын-шашын мен күннің әсерінен үгітіле бастайды. Ал бұл кірпіш ұзақ жыл сапасын жоғалтпайды. Қазір халық шарбағын қоршап жатқан қиыршық құмнан жасалған кірпіштердің салмағы «18-25 келі, ал біздің кірпіштің салмағы небары 4 келі тартады. Шеберлерге «18-25 келі тартатын кірпіштерді қалаған қандай, 4 келілік «Lego» кірпішімен қалаған қандай?» деймін. Сосын ауыр кірпіштерді бір-бірімен байланыстыру үшін құм, цемент керек және лай жасау қажет. Яғни, қосымша шығын мен уақыт кетеді, – дейді цех жұмысын жіті таныстырған Сакен Кусманов.      
Иә, кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуге ұмтылған жанның өз ісіне жауапкершілікпен қарап, тұтынушыға сапалы әрі қолжетімді өнім ұсынуға құлшынысын анық аңғардық. Шағын және орта бизнесті дамытуға өз үлесін қосып жүрген осындай азаматтар көп болып, оларға барынша қолдау көрсетілсе, жаңа жұмыс орындары ашылып, ел экономикасының қарышты қадаммен дами түсері анық. 

Асхат Өмірбаев
Қаратал ауданы