Серпінді серіктестік

Уақыты: 17.07.2018
Оқылды: 946
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Елбасы Н. Назарбаев кезекті Жолдауында аграрлық салада еңбек өнімділігін түбегейлі арттыру туралы ойларын айтқан болатын. Соған орай Кеген ауданында заман талабына сай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл орайда Жарылқасын Адасбаев басқаратын «Жаңа Ақтасты» ЖШС-ін айта кеткен жөн. 

Серіктестік асыл тұқымды мал бағумен және оған қажетті дақылдар өсірумен айналысады. Жалпы 8787 гектар жері болса, оның ішінде 4200 гектар – егістік алқаптары. Сапалы мал азығы – өнім кепілі. Серіктестіктің 2900 гектар жерінде көпжылдық шөп жайқалып тұр. Биылғы көктемде 350 гектар жерге сұлы, 300 гектар жерге арпа себілді. 
Аталған серіктестікте 1050 бас етті бағыттағы асыл тұқымды ангус ірі қарасы бар. Оның ішінде 420 бас – аналық. Өткен жылы әр жүз аналықтан 78-ден бұзау алынса, биылғы көрсеткіш те жаман болған жоқ. Ағымдағы жылдан бастап аталған серіктестік сұраныс иелеріне бұқа сатуда. Мұнда жұмысты кезең келбетіне сай жаңғырта, жақсарту мақсатында іргелі істер жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, мал қораларына лайықты күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
– Біздің алға қойған таяу жылдардағы мақсатымыз – асыл тұқымды ірі қараның санын 6500-ге, оның ішінде аналығын 3500 басқа жеткізу. Оған мүмкіндігіміз жетеді, – дейді «Жаңа Ақтасты» ЖШС директоры Жарылқасын Адасбаев. 
Рас, серіктестіктің жағдайы жақсы. Мұнда ауылшаруашылығына қажетті қуатты техникалардың бәрі бар әрі жаңа. Сыйымдылығы жоғары жүк тасымалдайтын көліктері де жеткілікті. Серіктестікте 30-ға тарта әртүрлі маман иесі жұмыс істейді.
Құрылтайшылары «Казмясо» ЖШС компаниясының есебінен малшылар мен механизаторлардың тамақтары тегін. Еңбеккерлердің бәрі ай сайын уақытылы еңбекақыларын алады. Серіктестіктің Төлеген Бозжанов басқаратын құрылтайшыларына деген алғыстары ерекше. Тағы бір айта кететін жағдай, серіктестікке қарасты шабындық, жайылымдық жерлердің бәрі талапқа сай қоршалған. Сол арқылы егістік алқаптары қорғалуда. Сапалы ет өндіретін аталмыш серіктестіктің болашағы зор. Мақсаттары айқын. Олар етті бағыттағы асыл тұқымды ангус ірі қарасын өз төлі есебінен көбейте бермек.

Қанат БІРЖАНСАЛ
Кеген ауданы