ҚЫС ШАНАҢДЫ ЖАЗ САЙЛА

Уақыты: 31.07.2018
Оқылды: 1146
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжановтың басшылығымен селекторлық кеңес өтті. Жиында 2018–2019 жылдардағы қысқы жылыту маусымына дайындық сөз болды.

 

   Биыл қаңтарда облысымызда көмір тапшылығына байланысты біраз қиындықтар болған еді. Кеткен олқылықты қайталамау үшін қысқы жылыту маусымына дайындықтар тексеріліп, көмір, отындық мазут, газ жеткізудің бүгінгі жағдайы сұралды.
   Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Әсет Қанағатов: «Жылыту маусымына дайындық және оны өткізу үшін 6,0 млрд. теңге бөлінді, оның 410 млн. теңгесі бюджеттік ұйымдардың жылу жүйелерін жөндеу жұмыстары мен құрылғылар сатып алу үшін, 5,6 млрд.теңгесі отын сатып алуға қарастырылған.
   Жылумен жабдықтау кәсіпорындарына 329,6 мың тонна көмір, 36,9 мың тонна отындық мазут жеткізу жоспарланған. Бүгінде 25,4 тонна көмір, 5,5 мың мазут бар», – деді. Семейден, Шұбаркөлден көмірлер пойыз арқылы біртіндеп келіп жатыр. Сонымен қатар әлі де жөндеуді талап ететін орындар мен қайта жөндеуден өткен, жаңадан салынған бірқатар ғимараттардың жайына да тоқталды.  «1815 көппәтерлі  тұрғын үйлер мен 2315 бюджеттік саладағы нысандарын дайындау қажет, соның ішінде: білім беру нысандары – 1070, денсаулық сақтау нысандары  – 664, әлеуметтік нысандар – 581. Биылғы  сәуірде «Қапшағайжылудың» ыстық су қазандығы ғимараты қайта жөндеуден өтті. 2018 жылы облыстық бюджет есебінен Талдықорғандағы, Текелідегі, Сарқан және Алакөл аудандарындағы жылу желілерін қайта жаңғырту және құрылысын аяқтауға 653,5 млн.теңге бөлінді. Ал бюджеттік саладағы 21 нысанның жылыту жүйесін газға ауыстыру үшін 518,4 млн. теңге берілген», – деп Әсет Серікұлы жоспардағысын айтты, біткен істерді тізіп шықты.   
   Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Сүлейменова өңір мектептерінде жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстарымен таныстырып, атқарылған істерге тоқталды.
   Ал Айдарбек Байжанов тамыздың ортасында мекеме басшыларының есебін тағы  бір тыңдап, қысқы жылыту маусымына дайындықты пысықтап алмақ.

Қали АСҚАР