ПАЙДАСЫ МОЛ СЕМИНАР

Уақыты: 31.07.2018
Оқылды: 1624
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Таяуда  Шанханай ауылдық округіне қарасты «Шоқан жә-не К» АӨК егістік алқабында «Қант қызылшасы, күнбағыс, жүгері дақылдарын өсіру технологиясы және егістік алқаптармен танысу» тақырыбында семинар-кеңес өтті. Оған облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Сексембай Бекішов, Казақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты «Үшқоңыр» білім тарату орталығының меңгерушісі Сейіткерім Қалтаев пен орталықтың бөлім меңгерушілері  Исатай Нұрпейісов, Айман Омарова, Керімбек Қонысбеков және менеджер Мұхит Төребеков, аудандық, аумақтық инспекция өкілдері, ауылдық округ әкімдері қатысты.

 

Аталмыш семинарды аудан әкімі Махаббат Бигелдиев құттықтау сөзбен ашты:
– Бұл семинар-кеңес ауылшаруашылығын жоғары деңгейде дамыту, оның тұқымдарын әртараптандыру және өнімділігін көбейту үшін өтіп жатыр. Бүгінгі семинар-кеңесте өздеріңізді толғандырып жүрген көп сұраққа жауап аласыздар деп ойлаймын. Осындағы мамандар сіздерге кеңес беріп, ауылшаруашылығына қажетті техникалар туралы тәжірибесімен бөліседі, – дей келіп, ауданның ауылшаруашылығы саласы бойынша ақпарат берді. – Ауданымызда егістіктің басым бөлігі тәлімді жер болғандықтан 80 пайызына дәнді дақыл өсіріледі. Биыл өңір диқандары алқапқа дәнді дақыл, майлы дақыл, картоп, бақша және көкөніс, мал азықтық дақылдарын сеуіп, мол өнім жинауға белсене кірісіп кетті. Ауданда жазғы егіс жинау науқаны да қауырт қолға алынды. Қазірдің өзінде  егістік алқаптың 3 мың гектары шабылды. Әр гектардың өнімділігі 20 центнерден айналуда. Жалпы биыл өнім жақсы болады деген болжам бар.  
   Азамат Дәуренбековтың басшылығындағы «Шоқан және К» АӨК егістік алқабындағы  бітік өскен бидай алқабы адамның көңілін өсіреді.  Соқпақ жолдың келесі бетінде күнбағыс жайқалып тұр.  Бұл алқапта күнбағыстың «Майсадор – 86»,  «Майсадор – 87», «Майсадор – 89» және «Пионер» сорттары 18 гектар алқапқа  өсірілуде. Шаруашылықта тамшылатып суару әдісі де қолға алынған.  Казақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты «Үшқоңыр» білім тарату орталығы қант қызылшасы бөлімінің меңгерушісі Керімбек Қонысбеков көпшілік алдында қант қызылшасын өсіру жайын сөз етті. Сондай-ақ, диқандар бидайдың  «Қарасай», «Стекловидная-24», «Богарная» деген сұрыптары туралы  ақпарат алмасып, оны өсірудің  жай-жапсарын ортаға салды.
   «AiemAgro» компаниясының оңтүстік аймақтар бойынша аумақтық сату жетекшісі Думан Жүнісхан  көрмеге қойылған  өнімдердің әрқайсысы  туралы мағлұмат беріп,  топырақтың құнарлылығын, қандай тыңайтқыштар керек екендігін  жарты сағатта анықтайтын жылжымалы зертхана, жапырақтың түрін танапта зерттеуге байланысты қолданылатын зертхана  туралы айтып, пайдалану жолдарын түсіндірді.
– 10 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан компанияның мақсаты шетелдік дәрілерді ауылшаруашылығымен айналысушыларға тиімді бағамен сату. Бүгінгі күні біздер күнбағыс дақылының тұқымын, сондай-ақ, қант қызылшасының алғашқы сепкен күнінен бастап пайдаланылатын гербицидтерді алып келдік, – деді ол.
Семинар барысында «YTO-AGRO KAZAKSTAN» ЖШС  өкілі Арман Нұрсұлтанов жерді өңдеуден бастап, егінді жинап алғанға дейінгі қол жұмысын жеңілдететін «YTO-X904», «YTO-LX954», «YTO-X1604» тракторлары мен MD соқасы туралы айтып, жұмыс істеу барысын көрсетті.   
   Жалпы, семинар-кеңес өте жоғары деңгейде өтті. Оған қатысқан аудан, ауыл әкімдері мен шаруашылық жетекшілерінің айтары көп.
– «Мың естігеннен бір көрген артық» дегендей, семинардан өзіме керекті талай ақпарат алдым.  Техниканың жұмысын көріп, оны қолданудың жолдарын меңгердім. Қысқасы, бұл кеңес ауылшаруашылығы тауар өндірушілері үшін керемет басқосу болды, – дейді Жайнақ батыр ауылдық округінің әкімі Асқар Баяділов.
Шара барысында қатысушылар өздерін толғантқан мәселеге қатысты сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

Ләйлә ЕСКЕНДІРҚЫЗЫ
Кербұлақ ауданы