ТАЛДЫҚОРҒАН: СӘНІНЕ САПАСЫ САЙ МА?

Уақыты: 02.10.2018
Оқылды: 1137
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Талдықорғандай заман талабына сай көріктенген шаһардың даму деңгейін тағы бір мәрте бағдарлау үшін Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ бірқатар құрылыс нысанын аралады. Қасында салаға жауапты мамандар мен Талдықорған қаласының әкімі Дастан ШАЛТАБАЕВ болды.

Амандық Ғаббасұлы жұмысын облыстық балалар ауруханасының жанынан салынған қосалқы ғимаратты көруден бастады. Өңір басшысы алдымен үш қабаттан тұратын жаңа нысанның сыртқы көрінісіне назар аударып, ауласын абаттандыру, көгалдандыру, гүлдендіру жөнінде ақыл-кеңестер берді. Бұдан соң ғимарат ішіне бас сұғып, әр бөлмені мұқият көріп шықты. Байқағанымыздай, заман талабына сай бой көтерген аурухана ең озық үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталуда. Кереуеттер қойылып, қол жуатын орынға дейін дайын тұр. Осының бәріне ерекше мән берген әкім құрылғылар мен жиһаздардың сапасына мән беріп, төсектерді ауыстыруды тапсырды. Айта кетейік, аталған нысанның құрылыс жұмыстары өткен жылдың мамыр айында басталып, биылдың тамызында аяқталған. Аталған ғимарат балалар неонаталдық хирургиясы бөлімі ретінде қызмет көрсететін болады. Мамандардың айтуынша, бөлімше нәресте өлімін болдырмауға, дүниеге түрлі ақаумен келген сәбилерге ота жасау арқылы өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бермек.

Жаңа ғимарат құрылысының құны 896,2 миллион теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын «Алматы-Construction БМ» жүргізген. Аурухананың жылыту маусымына дайындығын тағы бір мәрте пысықтау керектігін ескерткен облыс басшысы ауласын толық абаттандырумен қоса қазіргі қолданыстағы балалар ауруханасын жөндеуді келесі жылдың жоспарына енгізуді тапсырды.

Облыс басшысы бастаған топ сырты қайта жөндеуден өткен Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайын да көріп, аңғарылған кемшіліктерді тез арада түзетуді міндеттеді. Орталық алаңдағы қайта жаңғыртылу үстіндегі және жаңа орнатылып жатқан субұрқақтардың, оның айналасында қыза түскен күрделі жөндеу жұмыстарының жай-күйімен танысты.

Жетісудың жеті өзенін бейнелейтін жеті субұрқақтың құрылыс жұмыстарымен «Асат Құрылыс» мекемесі айналысуда. Амандық Ғаббасұлы бұл жердегі құрылыс істерін көріп, біраз аялдады. Мамандармен сөйлесіп, жүріп жатқан жұмыстар жайын сұрады. Белгілі болғанындай, көп кешікпей бұл жердегі субұрқақтардың маңайы кішігірім саябаққа айналып, жасыл желекпен, қызылды-жасылды гүлдермен көмкерілмек.

Мұнда балалар ойнайтын алаң да болады. Екі жүзге жуық  өсімдік түрлері өсіріледі. Көгалдандыру, абаттандыру, жасыл желекпен көмкеру жұмыстары қазірдің өзінде қыза түскен. Ағаштар мен гүлдер отырғызылып, жерге тас төсеніштер орналастырылуда. Бұл көркейту жұмысына «Polesie» ЖШС кірісіп жатыр. Серіктестік директоры Елена Чернецкая облыс басшысына көгалдандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап берді. Оның айтуынша, мұнда жемісті-декоративті ағаштар мен бұталардың, гүлдердің, көгалдың түстерін және формаларын үйлестіруге баса назар аударылады. Облыс басшысы субұрқақ төсемелеріне, алаңды көгалдандыру дизайнына, жаяу жүргіншілер жолын төсеуге қатысты бірқатар ескертпе айтып, жоспарға өзгерістер енгізді. Бір сөзбен айтқанда, алдағы уақытта бұл жер ел қызығатын гүлзарлы орын кейпіне еніп, алыстан көз тартатын баққа айналады.

Келесі кезекте облыс басшысы Тәуелсіздік көшесінің Ақын Сара мен Біржан сал көшелерінің аралығындағы бөлігінде салынып жатқан скверге барды. Әкім қураған талдарды түгелдей отап, орнына жаңадан ағаш отырғызуды тапсырды. Сквердің көшеге шығатын және тұрғын үйге қараған аумақтарын да назардан тыс қалдырмай, толық үйлесімде болуын қайталай ескертті.

Тәуелсіздік көшесіндегі 124 үйдің абаттандырылған ауласын көрген Амандық Ғаббасұлы бұл жерде де біраз кемшіліктерді аңғарып, сын-ескертпелер жасады. Мәселен, облыс басшысы тұрғын үй ауласындағы балалар ойнайтын алаң қоршауының қоңырмен, футбол алаңы қоршауының көкпен боялуының көзге бірден оғаш көрінетінін айтты. Облыс әкімінің сол жерде орнатылған орындықтар пен қоқыс жәшіктерінің сапасына да көңілі толмады. Футбол алаңының ішкі төсемелеріне қатысты да ескертпелер жасалды. Осының негізінде мердігер компания жұмысты қайта жасайтын болады.

Облыс әкімі 300 орынды музыкалық мектепке де барды. Жаңа ғимарат алдындағы тас төсеніштерге қатысты біраз кемшіліктерді байқаған Амандық Ғаббасұлы оны түзету жөнінде ақыл-кеңестер беріп, қайта жасауды тапсырды. Облыс әкімі, сондай-ақ, жаңадан бой көтерген драма театрында да болды. Ішін тұтас аралап, құрылыс сапасына назар аударды. Жалпы, мұндағы жұмыстардың басым бөлігі аяқталған. Қазіргі кезде ішін әктеп, сырлау, бояу сияқты ұсақ-түйек істері қалған. Ауласында қызу жұмыс жүріп жатыр. Нысан алаңындағы жолдарға құм төселіп, асфальттауға дайындауда. Үш қабатты мәдениет ошағының сыртқы көрінісіне мұқият көз жүгірткен облыс әкімі әсіресе түнгі жарықтандыру мен айналасын гүлдендіріп, көгалдандыруға көңіл бөлуді міндеттеді.

                                                                  Айгүл БАЙБОСЫНОВА