БАҒА ТҰРАҚТЫ БОЛМАСА...

Уақыты: 03.10.2018
Оқылды: 1221
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында үш келелі тақырып талқыланып, әлеуметтік саланың әлеуеті сөз болды.

Алғашқы тақырып бойынша ағымдағы жылдың 9 айындағы инфляция деңгейі мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын өсірмеуге бағытталған шаралар тарқатылды. Сөз алған ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан  Дәленов жыл басынан инфляция деңгейі 5-7 пайыз аралығында сақталып тұрғанын айтты. Руслан Ерболатұлының айтуынша, бірқатар аймақта баға көрсеткіші орташа республикалық деңгейден асып түскен. Сондай-ақ, министрлік әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тізімін таныстырып, бағалардың бұрынғымен салыстырғанда көтерілгенін айтып өтті. Ал қалалар бойынша шектеулі бағалар тек Алматыда ғана сақталған. Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев кейбір тауар бағасының өскендігін, кейбірі керісінше төмендегенін жеткізді. Мәселен, қарақұмық, картоп, пияз сынды тауарлар еліміздің бірқатар өңірінде төмен бағада өткізілуде. Көкөніс түрлерінің баға тұрақсыздығын түсіндірген Арман Қайратұлы мұның себебін маусымдық жұмыстан іздеу керектігін тілге тиек етті. Сөз соңында  Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлерге 10 мың тоннаға дейін қант сатып алуға кеңес берді. Қолда бар қаражатпен әзірге бағасы оңтайлы тауарды тұтыну арқылы ұту мүмкіндігі барын жеткізді.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасын өзектендіру бойынша өрбіді. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өзекті жайттарды жайып салды. Баяндамадан сәбилердің өлім-жітімі, туберкулез, жүрек қан-тамыры, обыр ауруларының артқандығы белгілі болды. Премьер-Министр аталмыш жайтқа орай бірқатар нақты тапсырма берді. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдердің ұсыныстарын қарастырып, мемлекеттік бағдарлама аясындағы жұмыстарды одан әрі арттыру үшін қосымша тетіктерді пысықтау тапсырылды. Селекторлық жиынның келесі тақырыбы шетелдік инвестицияларды тарту мен экономикалық өсімнің өзектілігіне арналды. Жиында мәдени салаға инвестиция салу мәселелері де көтерілді.

Жиын соңында қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу мәселелері жайында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев баяндама жасады. Елбасы тапсырмасына орай әзірленген кешенді жоспарлар кеңінен таныстырылды. Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу бойынша Павлодар облысы кенжелеп тұр. Ал Алматы облысы қайта өңдеуден алда келеді. Бақытжан Әбдірұлы облыс әкімі Амандық Баталовқа тұрмыстық қалдықтарды өңдеу тәжірибесін өзге басшыларға да көрсету керектігін ұсынды.

Құралбек СӘБИТОВ