ОН КҮННЕН КЕЙІН ЖЫЛУ БЕРІЛЕДІ

Уақыты: 04.10.2018
Оқылды: 1052
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жылыту маусымының басталуына он күн қалды. Осыған орай облыста дайындық қызу жүріп жатыр. Мәселен, өңірімізге 1,5 миллион тонна қатты отын қажет болса, бүгінгі таңда оның 77 пайызы жеткізілген.

Бұл туралы Алматы облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Байжановтың төрағалығымен өткен селекторлық жиында айтылды. Онда аудан-қалалардың жылыту маусымына дайындықтары жан-жақты пысықталды. Қазір өңірде бір тонна көмір бағасы орта есеппен 15-20 мың теңге аралығында сатылуда. Сондай-ақ, баға тұрақтылығы қатаң бақылауда. Бұл жайлы селекторлық жиында антимонополия комитетінің өкілдері мәлімдеді. Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселені ерекше назарда ұстауды тапсырды. Бұдан бөлек, жиында тұрғын үйлерді жылыту жағдайы көңіл көншітпейтіні жайлы айтылды. Өйткені, оның дайындығы тек 52 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар, Талдықорғандағы денсаулық сақтау, білім беру мекемесіне жауапты мамандарға, аудан басшыларына ескерту жасалып, жылыту маусымына дайындықтары қайта қаралды. Жиын соңында әр мекеме мен тұрғын үйлерге жылу уақытылы берілу керектігі тапсырылды.

Меруерт СЕРІКҚЫЗЫ