"ӘБДЕН ТОЗҒАН": ПАНФИЛОВ АУДАНЫНЫҢ СУ АРНАЛАРЫ СЫН КӨТЕРМЕЙДІ

Уақыты: 06.03.2020
Оқылды: 1400
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жазиралы Жаркент өңірі ел аузында «кіші Жетісу» аталғанымен, Арқас тауының күнгей бетінен ағатын мыңдаған бұлақты арналайтын жеті өзенінің суы көктем, жаз мезгіліндегі егін суару науқанына молынан жетпей, көптеген диқандарды тығырыққа тірейтіні шындық.

Бұл проблеманың бірнеше себеп-салдары бар. Ең бастысы – өзен суларын маусымға қажетті мөлшерде жинақтайтын су тоспалары мен қоймаларының жоқтығында. Екіншіден, осыдан жарты ғасыр бұрын жасалған бетон каналдар мен олардың көмейіндегі (Қорғас, Өсек өзендерінің) шағын су бөлетін тоспалардың бүгінгі күнде әбден тозығы жетіп, табаны тесіліп, алқапқа жеткенше суының көп мөлшері орынсыз шығынға ұшырауында.

Өткен жылы өңірде су тапшылығынан мыңдаған гектар жер игерілмей қалғаны жасырын емес. Бұған осыдан екі-үш жыл бұрынғы ауылшар-уашылық көрсеткіштерінде өңірдегі суармалы жерге егілген жалпы егістік көлемі 43 мың гектардан астам деп көрсетіліп келсе, қазір бұл цифр 33645 гектарға төмендегені айғақ болмақ. (2018 жылы 35 мың гектардан асатын).

Өңірдегі тау өзендерін бөгеп, су қоймаларын жасау оңай шаруа емес. Біріншіден, бұл іс орасан мол қаржыны талап етсе, екіншіден, елді мекендердің басым бөлігі ойпатқа орналасқандықтан су бөгеттерінің халыққа қауіпсіздігін де ескеру керек. Қазіргі жағдайда мәселені шешудің ең тиімді жолы – егістік алқаптарына тамшылатып суару әдісін кеңінен қолдану.

Жоғарыда аталған әдістерді қолдану арқылы егіншілікке қажет ылғал мәселесін шешумен қатар мол өнім жинап жүрген шаруашылықтар бар. Мысалы, Айдарлы ауылдық округіндегі «Жаркент-Фрукт» ЖШС 1110 гектар алқапқа өсірген интенсивті бағының 1027 гектарын тамшылатып суарып, өткен жылы айтарлықтай мол өнім алды. Сол сияқты «Көктал-Агро» ЖШС өткен жылы 273 гектар жүгері алқабын тамшылатып, 280 гектар «дала аруын» жаңбырлатып суарып, гектар өнімділігін өте жоғары деңгейге жеткізді. Жаркенттік диқандарға егістігін суарудың жаңа технологиясын қолданумен қатар күзде егінін жинап алған соң алқаптарын суарып алуға ерінбегені жөн. Күзгі судан құрқалмаған диқан көктемде таудан келетін қар суын күтпей жердің үстіңгі қабаты жылынысымен егінін егуге кірісе бермек.

Панфилов ауданындағы егіншілердің мол өнім жинау мүмкіндігін тежейтін басқа да мәселелер аз емес. Солардың қатарында биліктің тікелей араласуын қажет ететін дақылға төленетін субсидия мен ауылшаруашылық өндірісін өрлету үшін берілетін жеңілдетілген несие алудың қиындығы бар. Осы мәселені айтып, біржақты қылуын сұраудан жалықпайтын «Құралай» ЖШҚ төрағасы, дала өндірісінен тәжірибесі мол агроном Әзкен Кәріпжановтың жанайқайына әзірге құлақ түрген жан жоқ.

– Аудандағы су жолдары әбден тозған. Егістікке келетін судың жарым-жартысымен каналдардың бойына өскен қарағаштар мен шырғанақтарды суарып келеміз, – дейді агроном. – Осыдан жарты ғасыр бұрын жасалған бұл каналдар әлі бір рет күрделі жөндеу көрген жоқ. Сонымен қатар, жыл сайын жүгерішілерге берілетін субсидия бізге жетпейді. Сұрасақ, жоғарыдағылар ақша бітіп қалды деп алақан жаяды. Ауданда өзіміз құрылтайшы болып құрған ауылдық несие серіктестігі бар. Сонда несие рәсімдеу үшін айлап том-том анықтама жинаймыз, бізге беретін несиесінің пайызы өте жоғары. Көрші Жамбыл облысында мұндай серіктестік мүшелері бар болғаны екі пайызбен несие алады екен. Осы мәселелер біздің ауданда қашан жөнге келеді?!

Жүгері өндірісін барынша дамыту аймақта қарапайым халықтың қалтасын қағып келе жатқан етті, сүтті, тағы басқа да мал өнімдерін арзандатуға сеп болмақ. Қашанда тапшы заттың парқы үстем. Жүгері өндірісі барынша дамыған өткен ғасырдың 70-80 жылдарында Панфилов ауданының халқы жыл сайын мемлекетке 40 мың тоннадан астам ет сататын. Бұл көрсеткіш кішігірім облыстардың жетістіктерінен асып-жығылатын. Өйткені, малға беретін берік жемшөп қорына жүгері негіз болды. Оның сабағынан мыңдаған тонна сүрлем бастырылды, дәнінен қуатты жем тартылды.

Сол кездегі өңірдегі шаруашылықтар мал бордақылау кешендерін құрып, әр жарты жыл сайын мыңдаған қой, ірі қара және құс етін сатқанда, мал шаруашылығының табысы егіншіліктен озған еді. Диқандарға жағдай жасау арқылы сол жетістікке қайта қол жеткізуге болмас па?!

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды